Газ тапшылығына бағаның төмен болуы себеп – Энергетика министрлігі
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысына 14 600 тонна сұйытылған газ қажет. Қазан айында оның 11 380 тоннасы бөлінді. Тапшылық – бағаның төмен болуынан.

ҚР Энергетика министрлігі Kazinform тілшісінің сұйытылған газ тапшылығына қатысты сұрағына жауап жолдады. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, қазан айында сұраныстың тек 77% жабылды.
— Ақтөбе облысынан қазан айында 14 600 тонна сұйытылған газға сұраныс болды. Оның 11 380 тоннасы бөлінді. Бұл сұраныстың 77% ғана. Газ тапшылығының негізгі себебі — бағаның төмен болуы, литріне 59-89 теңгеден сатылуы. Баға төмен болған соң бензинмен жүретін көліктен газға ауысып, сұраныс артты, — деп хабарлады ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚР Энергетика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, елімізде 11 компания сұйытылған газ өндіреді. Оның ішінде ТШО сұйытылған газды коммерциялық мақсатта шығарады. Қазақстандағы қалған 10 өндіруші жылына 1 млн 562 мың тонна сұйтылған газ өндірсе, сұраныс 1 млн 965 мың тоннаны құрайды. Дефицит 25% болып тұр. Төртінші тоқсандағы нарық сұранысы 491 мың тоннаны құраса, министрлік 427 мың тонна бөлді. Қазан айында 20%, қараша айында 10%, желтоқсан айында 10% тапшылық бәрібір сақталады.
— ҚР ІІМ-нің ақпаратына сүйенсек, 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы газбен жүретін көлік саны 178 мыңға артып, өсім 57% жетті. 2023 жылы газбен жүретін көлік саны 582 мыңға жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда газ тұтынатын көлік санының 18% артқанын көрсетеді. Министрлік әр облыстың жыл сайын артып келе жатқан сұранысын толық қамту мүмкін емес деп есептейді, — деп хабарлады. ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Ақтөбеде газ тапшы. Газ құю бекеттеріндегі кезек шілдеде басталды.