Газа секторына гуманитарлық көмек тиелген алғашқы кеме Кипрден шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Сейсенбі күні Open Arms кемесі Кипрдегі Ларнака портынан шығып, буксирлі баржаға тиелген 200 тонна азық-түлік Газа секторы жағалауына бет алды.

Кеме Газа секторына көмек жеткізу және анклавтағы ауыр гуманитарлық жағдайды жеңілдету үшін теңіз дәлізін ашады.
Кипрлік шенеуніктердің айтуынша, Жерорта теңізінің шығысы арқылы Газа секторына жету екі күнге созылуы мүмкін. Осы уақыт ішінде кеме 320 шақырым қашықтықты жүріп өтеді. Баржаға 200 тонна азық-түлік – күріш, ұн, бұршақ, көкөніс консервілері және протеин тиелген.
WCK-provided aid has set sail for Gaza on the @openarms_fund boat. We dispatched almost 200 tons of food—rice, flour, legumes, canned veggies & proteins. Alongside the @UAEAid & @CyprusMFA, our Relief Team is working to send as many aid boats as possible.#ChefsForThePeople pic.twitter.com/oypXF8WbDH
— World Central Kitchen (@WCKitchen) March 12, 2024
Біріккен Араб Әмірліктері қаржыландырған миссияны АҚШ-тың World Central Kitchen (WCK) қайырымдылық ұйымы ұйымдастырды. Кеме испандық Proactiva Open Arms қайырымдылық ұйымына тиесілі, деп хабарлады Reuters.
«Біздің мақсатымыз - азық-түлік толы қайықтар мен баржалардың газа секторына тұрақты жеткізіліп тұруын қамтамасыз ететін теңіз магистралін құру», - деді WCK компаниясының негізін қалаушы Хосе Андрес пен Бас директор Эрин Гор.
Қайрымдылық қорлары Хамас содырларының 7-ші қазан күні жасаған шабуылдарына жауап ретінде Израильдің әскери әрекеттерге көшуіне байланысты әлемнен оқшауланған Газа секторына тікелей көмек көрсетуді көздеп отыр.
Порт инфрақұрылымының болмауына байланысты WCK Газада қираған ғимараттар мен қоқыстардан алынған материалдарды пайдаланып айлақ салып жатқанын айтты. Бұл гуманитарлық көмекті теңіз арқылы жеткізуді жеңілдету үшін өткен аптада АҚШ президенті Джо Байден жариялаған Газа секторында уақытша порт салу жоспарына қосымша ретінде қолға алынған бөлек бастама.
– Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Біз сәтсіздікке ұшырауымыз да мүмкін, бірақ ең үлкен сәтсіздік — ешнәрсеге талпынбау», - деп жазды Хосе Андрес X әлеуметтік желісінде болашақ айлақ үшін теңізге жақын жерді тегістеп жатқан бульдозерлердің суреттерін жариялап.