Газа секторына жасалған Израиль соққыларынан 30-дан астам адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Израильдің Газа секторындағы бірнеше ауданға жасаған әуе соққылары салдарынан дүйсенбі күні кемінде 34 адам қаза тапты, деп жазады Kazinform тілшісі.

Газа секторына жасалған Израиль соққыларынан 30-дан астам адам қаза тапты
Фото: x.com / @idfonline

Бұл туралы AP агенттігі жергілікті денсаулық сақтау органдарына сілтеме жасап хабарлайды.

Израиль бұл шабуылдарға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Al-Araby телеарнасының мәліметінше, дүйсенбі күні таңертең Газа қаласының батысындағы Ад-Дарадж ауданында тұрғын үйге жасалған шабуыл салдарынан 3 адам қаза тапқан. Сонымен қатар, Хан-Юнис қаласына бағытталған соққылардан кемінде 15 адам мерт болған. Қалған құрбандар анклавтың басқа аудандарында түн ішінде көз жұмған. Бұл деректер әзірге тәуелсіз ақпарат көздерімен расталмады.

Газа секторының денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, дүйсенбі күні Израиль әскерінің шабуылдары Хан-Юнистің батысындағы әл-Маваси ауданын да қамтыған. Тұрғын үйге жасалған соққы салдарынан 12 адам, соның ішінде жеті айлық жүкті әйел қаза тапқан.

Палестиналық Қызыл Жарты Айдың хабарлауынша, дәрігерлер хирургиялық операция арқылы әйелдің ішіндегі нәрестенің өмірін сақтап қалған.

Хан-Юнистегі Нәсір ауруханасы тағы бір шабуыл туралы мәлімдеді: қаланың батыс ауданындағы екі қабатты үйге жасалған соққы кемінде 11 адамның өліміне әкелген, олардың көпшілігі – әйелдер мен балалар.

Сектордың орталығындағы «Ауда» медициналық мекемесі АҚШ пен Израиль қолдайтын Гуманитарлық көмек қорының тарату орталығы маңынан жеті адамның мәйіті жеткізілгенін хабарлады. Бұл шабуыл кезінде тағы 20 адам жараланған.

Жақында Израиль гуманитарлық көмекті жеткізу процесін жеделдету мақсатында Газа қаласы, Дейр-әл-Балах және әл-Маваси аудандарында сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін гуманитарлық үзіліс жариялаған болатын. Гуманитарлық ұйымдардың хабарлауынша, шабуылдардың көпшілігі бұл уақыттан тыс орын алған.

Сол күні БҰҰ мен халықаралық ұйымдар 120-дан астам жүк көлігін гуманитарлық көмекпен жеткізсе, тағы 180 көлік кезекте тұр.

Дүйсенбіде Израиль Қорғаныс армиясы БАӘ мен Иорданиямен бірлесе отырып, Газа секторының солтүстік және оңтүстік бөліктеріне 20 азық-түлік пакетін әуеден тастағанын мәлімдеді.

Гуманитарлық көмектің көлемі артқанына қарамастан, халықаралық агенттіктер оның жеткіліксіз екенін айтып, алаңдаушылық білдіріп отыр. Соғыс басталғалы бері Израиль Газа секторына гуманитарлық көмекті шектеу саясатын ұстанып келеді. Наурыз айында жанармай, азық-түлік пен дәрі-дәрмек кіргізуге толық тыйым салынған болатын. Мамырда бұл шектеулер ішінара жеңілдетілді, алайда АҚШ ұсынған жаңа тарату жүйесі тәртіпсіздіктер мен зорлық-зомбылықтарға тап болды.

Анклавтан түсіп жатқан арықтаған балалардың суреттері жаһан жұртшылығының көңілін алаңдатты. АҚШ президенті Дональд Трамп жексенбі күні бұл кадрларды «өте ауыр» деп атады.

Газа секторындағы Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы деректеріне сәйкес, 2023 жылдың қазанынан бері Израильдің әскери операциялары салдарынан 59 800-ден астам адам қаза тапқан, олардың жартысынан көбі — әйелдер мен балалар.

Бұған дейін, жексенбі күні, йемендік хуситтер Израильге қарсы теңіз блокадасының жаңа кезеңін бастағанын жариялаған еді.

Соңғы жаңалықтар