Газа секторынан эвакуацияланған әйел: Бізді құтқарған – Қазақстан

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық дипломаттар Газа секторынан палестиналық дәрігер, «Камаль Адван» ауруханасының директоры Хусам Абу Сафияның отбасын сәтті эвакуациялады.

о
Фото: Арсен Утешев / Kazinform

Эвакуацияланғандар қатарында Хусамның зайыбы Альбина Абу Сафия мен бес баласы бар. Барлығы – Қазақстан азаматтары. Отбасы Газа секторынан құрлық арқылы Иорданияға жеткізілді.

Эвакуация операциясы Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігі тарапынан, Израильдегі Елшіліктің және Иордания мен Израиль билігінің қолдауымен үйлестірілді.

8 тамыз күні эвакуацияланған отбасы Амман қаласындағы Әлия патшайым атындағы халықаралық әуежайға келіп жетті. Осы жерден олар Қазақстанға аттанды. Эвакуация аймақтағы шиеленіскен жағдай мен күрделі гуманитарлық ахуалға қарамастан, ҚР дипломатиялық және консулдық қызметтерінің үйлесімді жұмысының, сондай-ақ иордандық және израильдік тараптардың қолдауының арқасында сәтті жүзеге асты.

«Қазақстанның Амман мен Тель-Авивтегі елшіліктері өңірдегі жағдайды мұқият бақылап отыр және Газа секторы мен жалпы Палестина аумағында жүрген қазақстандықтармен тұрақты байланыс орнатқан», – делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Министрлік Иордания мен Израиль билігіне, сондай-ақ Халықаралық Қызыл Крест комитетіне көрсеткен жедел көмегі мен тиімді ынтымақтастығы үшін шынайы алғысын білдірді.

Хусам Абу Сафия – палестиналық педиатр және неонатолог. Ол Газа секторындағы Джабалия босқындар лагерінде дүниеге келген. Медицина мамандығы бойынша білімді Түркістандағы Ахмет Ясауи атындағы университетте алып, дәл осы оқу орнында болашақ жұбайы Альбинамен танысқан. 1996 жылы оқуын аяқтаған соң ерлі-зайыптылар Газа секторына оралып, алты бала тәрбиелеген.

2024 жылдың ақпанынан бастап Хусам Бейт-Лахия қаласындағы «Камаль Адван» ауруханасының директоры болып жұмыс істеген. Алайда сол жылдың желтоқсанында ол Израиль әскері тарапынан ұсталып, кейін хабарсыз кеткен.

Kazinform агенттігінің тілшісі эвакуация кезінде Амман қаласында Альбина Абу Сафиямен сұхбаттасты.

— Альбина, эвакуациядан кейінгі көңіл-күйіңіз қандай? Бұл үдеріс қалай өтті?

— Біз бұл эвакуацияны соғыс басталған сәттен бастап ұзақ күттік. 2023 жылы Қазақстан эвакуация ұсынған кезде біз Газа секторының солтүстігінде болдық, ал бұл аумақ толығымен қоршауда еді. Біз тұрған аурухананы Израиль әскері қоршауға алып, одан шыға алмадық. Анклавтың оңтүстігіне қарай қозғалуға тырысу өз өмірімізге қауіп төндірумен бірдей болды.

Шынымды айтсам, мен басында кеткім келді, бірақ жағдай мүмкіндік бермеді. Біз күн сайын жақсылық болады деп үміттендік, соғыстың аяқталуын күттік. Алайда уақыт өткен сайын жағдай нашарлай берді. Біз әр күнді қорқынышпен өткізіп жүрдік. Әр таңды соңғы күніміз болуы мүмкін деген оймен қарсы алдық. Эвакуация біз үшін нағыз үміт сәулесі болды. Елшіліктен қоңырау шалып, біздің атымыз тізімге енгенін айтқанда, қуанышымызда шек болмады. Бұл біз үшін жарыққа жол ашқан сәт болды.

— Эвакуация барысында қандай қиындықтар болды? Қазақстан тарапынан қолдауды сезіндіңіз бе?

— Біздің атымыз эвакуация тізіміне енгені туралы хабар – нағыз ғажайып болды. Газа секторындағы жағдай тым қауіпті еді. Бізде ешқандай үміт қалмағандай-тын. Бірақ Иорданиядағы елшіліктен (консул Рустам Жұматов – ред.) қоңырау шалып, шығу мүмкіндігі бар екенін айтқанда, бұл біз үшін құтқару секілді болды. Қазақстанның қолдауы біз үшін аса маңызды еді. Бізді ұмытпағандарын сезіндік.

— Жолдасыңыз, доктор Хусам желтоқсанда тұтқындалды. Сол жайында не айтасыз?

— Иә, оны 2024 жылғы 27 желтоқсанда әкетті. Біз ол кезде «Камаль Адван» ауруханасында болдық. Израиль әскері оны қоршап алды. Әйелдер мен балалар, сондай-ақ жүкті әйелдер басқа ауруханаға көшірілді. Аурухананың барлық ер адамдары, соның ішінде күйеуім де тұтқындалды. Ол тек жаралылар мен ауыр науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрады. Бірақ оны алып кетті.

Күйеуім соңына дейін жұмыс істеді. Ол жай ғана дәрігер болатын, ешқандай саяси немесе әскери ұйымға қатысы жоқ. Оның жалғыз мақсаты – адамдардың өмірін сақтау еді. Ол тек емдеумен айналысты.

— Газа секторындағы аштық пен тапшылық жағдайында өмір туралы не айтар едіңіз?

— Бұл өте қорқынышты кезең болды. Біз ашықтық. Балалар жиі нан сұрайтын. Тіпті, бір үзім нанды армандайтынбыз. Бұл – өміріміздегі ең ауыр күндер еді. Тамақ қоры тез таусылып қалды, ал өнім бағасы шарықтап кетті. Мысалы, ұнның бір келісі 200 шекельге дейін (шамамен 30 мың теңге) қымбаттады. Адамдар күн көру үшін ұрлыққа да баруға мәжбүр болды. Бәрі қиын жағдайда өмір сүрді. Біз де барынша шыдауға тырыстық, басқа амал болмады.

— Қазақстанға келген соң алдағы өміріңізді қалай елестетесіз?

— Иә, менің туыстарым Түркістан облысында және Астанада тұрады. Біз солармен бірге боламыз. Бәрін қайта бастау оңай емес, бірақ біз тырысамыз. Біз Газадан ештеңе алып шыға алмадық. Тек 300 доллардан артық ақша және шағын сөмке ғана рұқсат етілді.

— Қазақстан халқына не айтқыңыз келеді?

— Бұл өмірде ең ауыр екі нәрсе бар – соғыс пен аштық. Мен Қазақстанның Иордания мен Израильдегі елшіліктеріне көрсеткен көмегі үшін шын жүректен алғыс айтамын. Олар бізді ұмытпады, қамқорлық көрсетті. Бізге қауіпсіздік пен үміт сыйлады. Қазақ халқына қиын сәттерде бізге қолдау көрсеткені үшін ерекше ризашылығымды білдіремін.

Еске сала кетейік, бұған дейін Газа секторынан алты Қазақстан азаматының эвакуацияланғаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар