Газа секторында аштықтан қайтыс болғандар саны 127 адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM - Израильдің қатаң қоршауындағы Газа секторында соңғы тәулікте бес палестиналық, оның ішінде екі бала аштықтан қайтыс болды, деп хабарлайды Anadolu.

Бұғатталған Газа секторында аштықтан қайтыс болғандар саны 127 адамға жетті
Фото: Anadolu

— Газадағы балалар аштықтан өліп жатыр, - деді Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры Мунир аль-Берш Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Ол ашаршылық құрбандарының жалпы саны 127-ге жеткенін және оның 85-і балалар екенін атап өтті. Ведомство өкілі бұл сандар Газадағы гуманитарлық апаттың нақты ауқымын көрсететініне назар аударды.

— Балалардың өмір сүру құқығы үнсіз алынып жатыр, - деді Аль-Берш.

Ол сондай-ақ Израильді гуманитарлық көмек жеткізуге тосқауыл қойды деп айыптады. Оның айтуынша, шекара бекеттерінде азық-түлік жеткізілімі тоқтап, халықаралық қауымдастық «ұятсыз үнсіздікті» сақтап отыр.

Аль-Берш «баяу өлімді» тоқтатуға және Газадағы адамдарды құтқару үшін шекаралық өткелдерді ашуға шақырды.

Израильдің қатаң қоршауында және үздіксіз шабуылдар астында тұрған Газа секторы ауыр гуманитарлық дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Аштық күшейген, су, дәрі-дәрмек, медициналық және гигиеналық құралдар тапшы.

Балалар мен бейбіт тұрғындар арасында қаза болғандар саны артып, жергілікті және халықаралық ұйымдар Израильді аштық пен су тапшылығын қару ретінде пайдаланды деп айыптап жатыр.

Шабуылдардың, азаматтық инфрақұрылымның бұзылуының және 2,3 миллион тұрғыннан 2 миллионнан астам тұрғынды көшіру туралы бұйрықтардың нәтижесінде адамдар баспанасыз қалды. Олардың көпшілігі гигиенасы нашар және жұқпалы ауру таралу қаупі бар уақытша баспаналарда тұрып жатыр.

Израильдің күнделікті әуе шабуылдары босқындар лагерлері мен азаматтық нысандарды бұзып жатыр, бұл бейбіт тұрғындардың қайғы-қасіретін күшейтеді.

2023 жылдың 7 қазанынан бастап Израиль армиясының Газаға жасаған шабуылдарынан кем дегенде 59 676 палестиналық көз жұмды, 143 965-тен астамы жарақат алды.

Айта кетейік, Израиль Газа секторына азық-түлікті парашютпен тастауға рұқсат бермек.

Соңғы жаңалықтар