Газа секторында аштықтан көз жұмғандар саны 169-ға жетті

Палестинаның Газа секторында аштық салдарынан көз жұмғандар саны 169 адамға жетті, оның ішінде 93-і — балалар, деп хабарлайды ТАСС.

Газа секторында аштықтан көз жұмғандар саны 169-ға жетті
Фото: Анадолы

Бұл туралы анклавтың Денсаулық сақтау министрлігі өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

— Соңғы 24 сағат ішінде Газадағы ауруханаларда аштық пен тойып тамақтанбау салдарынан жеті жаңа өлім жағдайы тіркелді, — делінген ведомство хабарламасында.

Осылайша аштықтан көз жұмғандар саны жалпы 169 адам болды, оның 93-і кәмелетке толмағандар. Бұған дейін 30 шілдеде ХАМАС қозғалысы аштықтан 154 адам қаза тапқанын хабарлаған еді.

Министрліктің соңғы деректері бойынша, 2023 жылғы қазан айынан бері Газадағы қақтығыстар кезінде көз жұмғандар саны 60 430 адамға жеткен. 148 мыңнан астам адам жарақат алған.

2025 жылғы 2 наурыздан бастап Израиль шешімімен Газа секторына халықаралық гуманитарлық көмек толықтай тоқтатылды. Барлық бақылау-өткізу бекеті жабық күйінде қалып отыр. Қазір азық-түлік тарату жұмыстары Израиль мен АҚШ-тың бақылауындағы Газаға гуманитарлық көмек қоры арқылы жүргізіліп жатыр.

2025 жылдың наурызында Израиль армиясы Газадағы әскери операцияларын қайта жандандырды. Бұл қаңтарда жарияланған атысты тоқтату режимін бұзды. Қатар, Мысыр және АҚШ арағайындығымен жүргізілген бірнеше келіссөз раундтарында тараптар жаңа бітім шарттары бойынша мәмілеге келе алмады. 

Айта кетелік Газа секторына бес елден гуманитарлық көмек жеткізілгені туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар