Газа секторында аштықтан тағы 5 адам көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы 24 сағат ішінде аштық пен тойып тамақ ішпеудің салдарынан тағы бес палестиналық қайтыс болды, олардың екеуі — бала. Бұл туралы Газа секторындағы Денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры Мунир әл-Бурш мәлімдеді, деп жазады Анадолы.

Газа секторында аштықтан тағы 5 адам қаза тапты
Фото: Анадолы

Осылайша, Газада аштықтан қаза тапқандардың жалпы саны 217 адамға жетті, оның ішінде 100-і бала.

Айта кетейік, Израильдің қатаң блокадасы мен үздіксіз шабуылдары азаматтық инфрақұрылымға орасан зор зиян келтіріп жатыр — Газа аумағының шамамен 88%-ы қираған. Израиль әскері күн сайын әуе соққыларын жасап, эвакуация туралы бұйрықтар шығарып жатыр. Соның салдарынан шамамен екі миллион адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, олардың көбі бірнеше рет көшіп-қонуға мәжбүр болған.

Азаматтар уақытша тігілген шатырларды паналаған. Олар тығыз орналасқан, антисанитариялық жерлерде өмір сүріп келеді. Гигиена құралдарының жетіспеушілігі жұқпалы аурулардың таралуына себеп болып отыр.

Жергілікті және халықаралық ұйымдар Израильді аштық пен ауыз судың тапшылығын соғыс қаруы ретінде пайдаланып отыр деп айыптайды. Израиль әскері көшіп-қонған адамдарға арналған лагерлерге және басқа да бейбіт нысандарға соққы беруді жалғастырып келеді. Бұл нысандарда палестиналықтар бас сауғалап жүрген болатын.

Бұдан бұрын Газада әуеден тасталған гуманитарлық жүк жәшігінің құлауынан 14 жастағы жасөспірім қаза тапқанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар