Газа секторында фельдшерлер қалай жұмыс істеп жатыр
ГАЗА. KAZINFORM - BBC-дің араб қызметі Газа тұрғындарының шұғыл көмекке мұқтаж қоңырауына бірінші болып жауап беретін Палестинаның Қызыл Жарты Ай қоғамы (PRCS) фельдшерлерінің жұмысына куә болды.
Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс басталғаннан кейін жергілікті журналист Ферас әл-Ажрами жедел жәрдем бригадасымен бір ай бойы бірге болды.
Фельдшер Махмуд әл-Масри мен оның командасының мүшелері Газаның солтүстігіндегі Әл-Ауда ауруханасында кезекті қоңырауды күтті.
Қоңырау жергілікті уақыт бойынша сағат 14:00 шамасында түскен.
Диспетчер 5-15 жедел жәрдем көлігі соққыға ұшырағанын хабарлады. Оның ішінде Махмудтың әкесі фельдшер Йосри Әл-Масри жұмыс істеген бригада болды.
Махмуд және оның әріптестері не болғанын білу үшін оқиға орнына барды.
Фельдшерлер оқиға орнына жеткенде, жедел жәрдем көлігінің жолдың жиегінде жатқанын көрді. Ол әбден майысқан метал бөлшегіне айналған.
Махмуд бөлшектерге қарай жүгірді. Оның айтуынша, ішіндегі барлық нәрсе кесектерге бөлініп, толығымен өртеніп кеткен.

Оның әкесі және Палестинаның Қызыл Крест қоғамының тағы екі қызметкері қайтыс болды.
«Оның бетінен түк қалмаған», — деп еске алады Махмуд.
Бұл жағдай 11 қазанда, Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс басталғаннан бес күн өткенде болды.
Әкесі қайтыс болғаннан кейін үш баласы бар 29 жастағы Махмуд екі апта демалыс алды.
Бірақ, өзінің айтуынша, қайғысына қарамастан ол жұмысына қайта оралған.
«Палестина халқына қызмет ету — менің міндетім», — дейді ол.
Махмуд жеті жылдан бері фельдшер болып жұмыс істейді. Ол Газа секторының солтүстігіндегі Джабалия қаласындағы Палестина Қызыл Жарты Ай Қоғамы командасының мүшесі.
ВВС-дің Араб қызметі түсірген фильмде әсіресе оққа ұшқан сәбилердің денесін көтеріп келе жатқан фельдшерлердің эмоционалды күйі анық көрсетілген.
Соғыстың алғашқы күндерінде фельдшер Рами Хамис жедел жәрдем көлігін айдап келе жатып, көзіне жас алды.
Ол құлаған үйдің астында қалып қойған адамдарға шақырылғанын айтты. Ондағы зардап шеккендердің көбі әйелдер мен балалар.
Ол үйдің бір бөлмесінен үш қыздың денесін тауып алды, көз алдына өзінің үш қызы келді.

«Мен сол жерде өзіме ие бола алмадым. Мұндай көріністі көргенде көзіңе еріксіз жас келеді», — деді Рами.
Оның жылап тұрған видеосы интернет желісінде кең тарап кетті.
Қазан айының соңында фельдшерлер тобының басқа мүшесі Алаа Әл-Халабиге туысы қоңырау шалды.
Алааның айтуынша, ағасының үйі екі күн бұрын Израиль әуе шабуылынан қираған, бірақ қаза тапқандардың көбі әлі үйінді астында.
Туысқан ағасының денесі әлдеқашан шығарылған, ол оны ауруханаға жеткіземін деп үміттенді.
Алаа бір топ адам опырылып құлаған бетон үйіндісін жылжытпақ болған тар қуысқа кіргенде, туыстарының бірі ол жерде кішкентай қыздың денесі жатқанын айтты.
Алаа кідіріп, терең тыныс алған соң (бет-әлпетін медициналық масканың артына жартылай жасырып қойған) сөзін жалғастырды:
«Мұнда қыздың денесінің бөлшектері бар».
Сол күні Алаа жанып кеткен бес баланың денесін тапты. Полиэтилен пакетке салынған үш мәйіт ауруханаға жеткізілді, Алаа процесті жіті қадағалады.
«Өлі балалардың денесін көтеріп тұрғанда өз балаңды көтеріп тұрғандай сезімде боласың» дейді ол.
Соғыс басталғаннан кейін бір апта бұрын Израиль Газа секторының солтүстігіндегі бейбіт тұрғындарға өздерінің қауіпсіздігі үшін анклавтың оңтүстігіне көшуге бұйрық берді, сондықтан фельдшерлердің отбасыларының көпшілігі эвакуацияланды.
Жедел жәрдем қызметкерлері Газаның солтүстігінде қалды. Олар телефон немесе PRCS радио желісі арқылы әйелдерімен және балаларымен үзіліссіз байланыста болды.
Сондай-ақ, Алаа кеткенде балаларының жылағанын, жол бойында Алладан аман-сау қайтып оралуын сұрап, үнемі дұға еткенін айтты.
PRCS қызметкерлері мен волонтерлері қауіп пен қатердің бел ортасында жүрді.
Бірнеше фельдшер Аль-Ауда ауруханасының сыртында көлікте болған кезде, жақын жерде жарылыс болып, олар жасырынуға мәжбүр болды.
Кем дегенде екі жедел жәрдем көлігі зақымданды.

Палестина Қызыл Жарты Ай қоғамының мәліметінше, 7 қазаннан бері Газада ұйымда жұмыс істейтін 14 фельдшер қаза тапқан.
«Әрбір шақырту біздің команда мүшелерінің өміріне қауіп төндіреді», — деді Қызыл Жарты Ай өкілі Небаль Фарсах BBC-ге берген сұхбатында қаза болған қызметкерлерінің тізімін көрсетіп.