Газа секторында гуманитарлық жүк көлігі аударылып, 20 адам мерт болды
АСТАНА. KAZINFORM – Газа билігі Израильді әдейі хаос тудырып, секторды қылмыстық жолмен блокадаға айналдырып отыр, деп айыптады.

Газа секторында азық-түлік тарататын гуманитарлық жүк көлігі аударылып, 20 палестиндік қаза тапты. Оқиға әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан гуманитарлық блокада жағдайында болды.
Газа үкіметінің Медиаофисі таратқан мәлімдемеде Израиль армиясы гуманитарлық көмектің жеткізілуін әлі де шектеп, аймақтағы гуманитарлық дағдарысты ушықтырып отырғаны айтылған. Атап айтқанда, Израиль аштықтан зардап шеккен аудандарға санаулы ғана көлік жібере отырып, олардың өміріне қауіп төндіріп отырғаны хабарланған.
«Израиль оккупациясы мен әдейі ұйымдастырылған тәртіпсіздік салдарынан Дейр эль-Балах ауданында гуманитарлық көлік бұрын бомбаланған, жүріп өтуге жарамсыз жолға бағытталған. Көлік тамақ алуға ұмтылған палестиндіктердің үстіне аударылып, 20 адам мерт болды, ондаған адам жарақат алды», — делінген мәлімдемеде.
Газа секторының билігі Израильді ашаршылықты әдейі ұйымдастырды деп айыптап отыр және бұл әрекеттің салдарынан 2,4 миллион адамның өміріне қауіп төнген. Сондай-ақ Газа билігінің пікірінше, Израиль тарапы азық-түлік, дәрі-дәрмек пен алғашқы қажетті заттардың жеткізілуіне кедергі келтіріп отыр.
Мәлімдемеде халықаралық қауымдастықтың гуманитарлық апатты көре тұра, үнсіз отырғаны, аюандық әрекеттердің шектен шыққаны ерекше айтылады.
Газа билігі Біріккен Ұлттар Ұйымын және халықаралық құқық қорғау ұйымдарын Израильдің әрекеттерін тоқтату, гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ шекараның тұрақты ашық болуы үшін дереу шара қолдануға шақырды.
«Болып жатқан жағдайға бейжай қарау, үнсіз қалу немесе елемеу — бұл Израильдің Газа секторында жасап жатқан қылмыстарына тікелей немесе жанама қатысу деген сөз», — деді жергілікті билік өкілдері.
Айта кетейік, осыған дейін БҰҰ Израиль блокадасы Газаны жер бетіндегі ең аш аймаққа айналдырғанын айтқан болатын.