БҰҰ: Газа секторындағы балаларға вакциналар салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ-ның Балалар қоры Газадағы 44 мың балаға медициналық көмек көрсетіп жатыр. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтар қызметі жариялады.

Газа секторындағы балаларға вакциналар салынып жатыр
Фото: БҰҰ жаңалықтар қызметі

Иммундау науқаны 18 қарашаға дейін жүргізіледі. 

Қақтығысқа дейін Газада 54 иммундау орталығы болды. Аймақ балаларды вакцинамен қамту бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарында еді. 

— 20 мыңнан астам баланың өмірін қиған соғыстан кейін бізде аман қалғандарды қорғауға мүмкіндік бар. Әр балаға екпе егу, олардың денсаулығын сақтау және дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету тек гуманитарлық шара емес, моральдық міндет. Біз соғыстың ортасында туған балалардың болашағын қорғаймыз және қирандылар арасындағы үмітті өшірмейміз, — деді ЮНИСЕФ-тің Палестина мемлекеті бойынша арнайы өкілі Джонатан Вейтч. 

Науқан барысында ЮНИСЕФ Газа секторына вакцина мен медициналық жабдықтар және тағамдық қоспалардың 11 түрін жеткізеді. Екпе егу жұмыстары Газа секторы бойынша 149 денсаулық сақтау мекемесі мен 10 мобильді бөлімше арқылы жүргізіледі.

Еске салайық, БҰҰ Газа секторында 1 миллион тұрғынға гуманитарлық көмек үлестірді.

Соңғы жаңалықтар