Газа секторындағы гуманитарлық ахуал әлі де күрделі, балаларға тіпті қиын
АСТАНА. KAZINFORM - Атысты тоқтату режимі жарияланғанына қарамастан, Газа секторындағы гуманитарлық жағдай әлі де күрделі, әсіресе балалардың жағдайы алаңдатарлық. Бұл туралы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Палестинадағы баспасөз хатшысы Казем Абу Халаф мәлімдеді, деп хабарлайды Anadolu Ajansı.
Агенттік таратқан мәліметтерге қарағанда, Газа секторындағы бейбіт тұрғындардың, ең алдымен әйелдер мен балалардың жағдайы қиын. Абу Халаф 2023 жылдың қазан айынан бері бұл аумақ ауқымды шабуылдарға ұшырап, қирап қалғанын еске салды.
— Таратылған мәліметтерге сүйенсек, атысты тоқтату жарияланғаннан кейін де 80-нен астам бала қаза болған. Күннің суытуы да балалардың жағдайын қиындатып отыр. Ауа температурасы біртіндеп төмендеп келеді, шатырларды су басқаны туралы хабарлар де келіп түсіп жатыр. ЮНИСЕФ пен басқа да гуманитарлық ұйымдардың мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағытталған барлық күш-жігеріне қарамастан, жағдай әлі де өте ауыр күйінде қалып отыр, — деді ол.
ЮНИСЕФ өкілі екі жылға жуық уақытқа созылған шабуылдардан ең көп зардап шегіп отырған балалар екенін атап өтті. Оның сөзінше, олар адам айтқысыз физикалық және психологиялық қиындыққа төзуге мәжбүр.
Абу Халафтың мәліметінше, Израиль шабуылдары салдарынан 20 мыңнан астам бала қаза тауып, тағы 44 мыңнан астамы жарақат алған.
Бұл дағдарыс балалардың денсаулығына ғана емес, психоэмоционалдық жағдайына да қатты әсер етіп жатыр.
Сондай-ақ Абу Халаф Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректеріне сілтеме жасап, газалықтар гуманитарлық көмекке аса зәру екенін айтты. Шамамен төрт мың бала медициналық көмек алу үшін шұғыл эвакуациялауды қажет етеді.
Ол Газа секторындағы 36 аурухананың тек 18-і ғана ішінара жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Бұл жағдай медициналық эвакуацияны қажет ететін науқастар санының артуына әкеліп отыр.
ЮНИСЕФ өкілі БҰҰ құрылымдары әзірлеген Азық-түлік қауіпсіздігі кезеңдерінің интеграцияланған жіктемесі (IPC) өткен жылдың тамыз айында Газада аштық басталғанын жариялағанын еске салды.
Оның айтуынша, IPC-тің жаңа баяндамасында аштық уақытша тоқтатылды деп көрсетілгенімен, жағдай әлі де қиын.
— Баяндамада Газа секторы халқының 77 пайызы әлі де азық-түлікке зәру екені айтылған. 6 айдан 59 айға дейінгі шамамен 101 мың бала жеткіліксіз тамақтанудан зардап шегуі мүмкін. Сонымен қатар 37 мыңға жуық жүкті және емшектегі баласы бар әйел азық-түлік көмегіне мұқтаж, — деді Абу Халаф.
Ол атысты тоқтатқаннан кейін гуманитарлық көмектің көлемі артқанын, алайда бұл жеткіліксіз екенін айтты. Сондай-ақ күннің күрт суытуы мен жауын-шашынның көбеюі де анклавтағы жағдайды қиындатып отыр.
— Қаншалықты берік болғанымен, шатырлар нөсер жауынға төтеп бере алмайды. Ауа температурасының төмендеуі, қираған инфрақұрылым, ішінара жұмыс істеп тұрған ауруханалар мен дәрі-дәрмектің тапшылығынан түрлі аурулар тарап жатыр. Бұл әсіресе, жас балалардың әлсіз ағзасына ауыр тиіп отыр. Кейбір деректерге сәйкес, кемінде 19 бала тек суықтан, ал тағы 165 бала жеткіліксіз тамақтанудан көз жұмған, — деді ЮНИСЕФ өкілі.
Осыған дейін БҰҰ Бас хатшысы Газа секторыдағы аштық қаупі уақытша сейілгені туралы айтқан еді.