Газа секторының солтүстігінде барлық байланыс түрі өшіп қалды
Палестиналық Paltel телекоммуникация компаниясының хабарлауынша, желі инфрақұрылымының істен шығуына байланысты Газа секторының солтүстігінде байланыстың барлық түрі өшіп қалды. Kazinform агенттігі бұл туралы израильдік Yedioth Ahronoth басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Paltel ақпаратына сәйкес, Газа қаласында және бүкіл Палестина анклавының солтүстігінде «негізгі желінің зақымдануына» байланысты стационарлық, ұялы және интернет байланысы қызмет көрсетуін толық тоқтатады.
Таяу Шығыстағы жағдай 7 қазанда Газа секторынан палестиналық ХАМАС қозғалысы содырларының Израиль аумағына енуінен кейін күрт нашарлады.
Радикалдар бұл шабуылды Израиль билігінің Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітіне қарсы әрекетіне жауап деп атады. Израиль Газа секторын толық қоршауға алғанын жариялап, оған және Ливан мен Сирияның кейбір аймақтарына соққы бере бастады. Қақтығыс батыс жағалауда да болып жатыр.