Газа секторының солтүстігінде интернет пен байланыс толығымен өшірілді
АСТАНА. KAZINFORM — Израильдің жаппай әуе соққыларына ұшырап жатқан Газа секторының солтүстік бөлігінде интернет пен байланыс толығымен ажыратылды. Бұл туралы Палестинадағы телекоммуникациялық компаниялар хабарлады, деп жазады Анадолы.
Мәлімдемеде Газа қаласы мен оған көршілес аймақтарда, Израильдің қоршауы мен әуеден жасалған шабуылдарының астында қалып отырған өңірлерде стационарлық интернет пен байланыс қызметтері толығымен үзілгені айтылған.
Компаниялардың хабарлауынша, Израиль армиясы өңірді интернет және байланыспен қамтамасыз етіп отырған негізгі магистральдық желілерге соққы берген, соның салдарынан жүйе жұмысы тоқтаған.
Алайда, жалғасып жатқан шабуылдарға қарамастан, техникалық мамандар желіні қалпына келтіру жұмыстарын бастап кеткені де атап өтілген.
«Анадолы» агенттігіне сұхбат берген куәгерлердің айтуынша, Газа қаласының көптеген ауданында интернетке мүлде қол жеткізу мүмкін емес.
Бұған дейін Израиль армиясы түн ішінде 50 әуе соққысын жасағанын мәлімдеген болатын, олардың басым бөлігі алдыңғы күні құрлықтағы шабуыл басталған Газа қаласына бағытталған.
Сондай-ақ, Израиль тарапы Газа қаласында баспана тапқан босқындар орналасқан үйлер мен көпқабатты ғимараттарды қиратумен қатар, тұрғындарды Газа секторының оңтүстігіне күштеп көшіруге әрекет жасап жатқаны айтылған. Олар оңтүстікте қажетті шатырлар, азық-түлік және ауруханалар бар деп көрсеткен.
Бұдан бұрын Қытай билігі Израильден онсыз да қиын гуманитарлық дағдарысты одан сайын ушықтырмау үшін Газадағы әскери операцияны тоқтатуды талап етті.