11:08, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
Газа секторындағы соғыс ? куәгерлердің көзімен
МӘСКЕУ. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Мәскеуде Газа секторынан көшірілген палестиналық отбасымен кездесу өтті.
Мамандығы дәрігер, ресейлік жоғары оқу орнының түлегі ? палестиналық Рамзи Әбу Омайер мен оның зайыбы, Ресей азаматшасы Фарида Хасанова Израильдің «Құйма қорғаныс» әскери оперциясы басталғаннан кейін бастарынан кешкен жайлар туралы журналистерге әңгімелеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Израильдің әскери әрекеті желтоқсанның 27-сі күні таңертең басталған еді. Бір аптаға созылған әуе шабуылынан кейін, қаңтардың 3-інде Тель-Авив бүгінге дейін жалғасып отырған жерүсті операциялары туралы жария етті. Палестиналық тарап Израиль сойқанының салдарынан 700-ден астам адам қаза болғанын, олардың 220-сы ? балалар екенін хабарлап отыр. Ал жаралалылардың саны 3 мыңнан асады. Ресей қақтығыс аймағынан өз азаматтарын және ТМД-ның бірқатар елдерінің азаматтарын көшіру шараларын қабылдады. Рамзи Әбу Омайер мен тағы да басқа ресейліктер қаңтардың 3-і күні Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағымен әкелінген. Палестиналықтар қазір жерлестер диаспорасының көмегімен Ресейдің Халықтар достығы университетінің жатақханасына орналастырылған. «Не болып жатқанын бүкіл әлем білуі керек. Негізінен әйелдер мен балалар опат болуда. Халықтың барар жері жоқ, бұл ? әділетсіздік», дейді Рамзи Әбу Омайер. Палестиналықтың айтуынша, бейбіт халықтың әскери операция жүріп жатқан аумақтан шығуларына еш мүмкіндіктері жоқ. «Израиль бізді қоршап алған, адамдар қайда қашарын білмейді. Мысыр да шекараны жауап тастаған, ол жаққа бару қауіпсіз емес. Енді біз не істеуіміз керек? Теңізге батып өлуіміз керек пе?»,- дейді палестиналық ашына. Ал оның зайыбы, әсіресе балалардың қатты қиындық көргенін айтады. «Біз қатты қиналдық. Бір үзім нансыз отырған күндер болды. Не жарық, не су жоқ. Балалар қатты қиналды, олар жылап, ол жерде тұрғылары келмейтінін айтатын», дейді Фарида Хасанова.Босқындардың айтуынша, Газа секторында гуманитарлық көмек жетіспейді. Жаралыларға көмек көрсететін медициналық қызметкерлер аз, ауруханаларда бос орын жоқ және олар заманауи жабдықтармен жарақталмаған. Ресейлік дипломаттардың арқасында ТМД азаматтарының қатарында Газа секторынан Қазақстанның екі азаматшасы мен олардың бес баласы көшірілді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, Палестина аумағында Қазақстанның тағы 14 азаматы қалып отыр. Олардың барлығы - палестиналықтарға тұрмысқа шыққан әйелдер.