Газада аштықтан қаза тапқандар саны 175 адамға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль қоршауындағы Газа секторында соңғы 24 сағат ішінде аштықтан тағы алты палестиналық көз жұмды. Салдарынан аштықтан қаза тапқандардың жалпы саны 175 адамға жетті, деп хабарлайды Анадолы.

Бұл туралы Газадағы Денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры Мунир әл-Бурш мәлімдеді.
Әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдемесінде әл-Бурш аштықтан көз жұмғандардың қатарында 93 баланың бар екенін нақтылады.
Газа аштықтан «өліп жатыр»
Израильдің соққысына ұшыраған және гуманитарлық көмектің енуіне кедергі келтіретін қатаң блокада жағдайындағы Газа секторында гуманитарлық апат қалыптасты — азық-түлік, ауыз су, дәрі-дәрмек, медициналық және гигиеналық құралдар жетіспейді.
Аштықтан көз жұмғандар саны, әсіресе балалар арасында, жылдам өсіп келеді.
Жергілікті және халықаралық дереккөздер Израильдің аштық пен шөлді «қару ретінде» қолданып отырғанын атап көрсетуде.
Израиль армиясы анклавтың азаматтық инфрақұрылымының 88 пайызын қиратқан және бұрын күшпен қоныс аударуға мәжбүр болған палестиналықтар уақытша бас сауғалаған аудандарға шабуылдарын жалғастырып жатыр.
Секторда тұратын 2,3 миллионға жуық адамның шамамен 2 миллионы Израиль шабуылдары мен эвакуация туралы бұйрықтар салдарынан ел ішінде қоныс аударған. Көпшілігі бірнеше мәрте қоныс аударуға мәжбүр болған.
Өмір сүрудің ең қарапайым жағдайларынан айырылған палестиналықтар санитарлық талаптары сақталмаған, дәретханасы жоқ, жұқпалы аурулар тез таралатын мектеп ғимараттарында немесе қолдан жасалған шатырларда өмір сүріп жатыр.
Осы арада Израиль армиясы қоныс аударған тұрғындар паналаған шатырлы лагерьлер мен өзге де азаматтық нысандарға шабуылдарын жалғастырып жатыр.
2023 жылдың 7 қазанынан бері Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан кемінде 60 430 палестиналық қаза тауып, тағы 148 722 адам жарақат алған.
Бұған дейін БҰҰ соңғы екі күнде Израиль ұйымдастырған «әскери» гуманитарлық көмек тарату пункттерінде азық-түлік алмақ болған 100-ден астам адамның қаза тауып, жүздеген адамның жараланғанын хабарлаған еді.
Айта кетелік Газа секторында аштықтан көз жұмғандар саны 169-ға жеткені туралы хабарлаған едік.