Газада мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы өрескел бұзылып жатыр - Global Protection Cluster
АСТАНА.KAZINFORM - 20 айдан астам қызу ұрыс Газадағы мүгедектер мен қарттарды қорғау жүйесін бұзды, деп хабарлайды Kazinform.

Жаһандық қорғаныс кластерінің, үкіметтік емес ұйымдар желісінің есебіне сәйкес, 134 105 адам, оның ішінде 40 500-ден астам бала соғысқа байланысты жарақат алған.
Шамамен 25%-ында дереу және ұзақ мерзімді оңалтуды қажет ететін мүгедектік бар. Жарылыстар салдарынан 35 000-нан астам адамның есту қабілетіне қатты зақым келген. Күн сайын он бала бір немесе екі аяғынан айырылады, делінген қорғау жөніндегі кластер мәлімдемесінде.
Қорғаныс кластерінің мәліметі бойынша, ауруханалар, жедел жәрдем көліктері, медициналық және гуманитарлық қызметкерлер жүйелі түрде нысанаға алынады, 1580-ден астам медицина қызметкері мен 467 гуманитарлық қызметкер қаза тапты. Денсаулық сақтау инфрақұрылымы жойылды, ауруханалардың тек 47% әлі де ішінара жұмыс істеп тұр, бұл денсаулық сақтау жүйесінің күйреуіне әкеп соқты.
Газадағы мүгедектердің 83% -дан астамы көмекші құрылғыларын жоғалтты, ал егде жастағы адамдардың 80% -ы дәрі-дәрмекке немесе медициналық құралдарға мұқтаж.
Global Protection Cluster Газадағы гуманитарлық апат кезінде бүкіл халық негізгі қажеттіліктердің жетіспеуінен аман қалу үшін күресіп жатқан кезде, мүгедектер, қарт адамдар, сондай-ақ олардың отбасылары мен қамқоршылары қауіпсіздік, қорғау және автономияға деген негізгі құқықтарының өрескел бұзылуларына тап болып жатқанын жазады.
Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының (OHCHR) мәліметі бойынша, мамыр айының соңынан бері Газада кем дегенде 875 адам қаза тапты.