Газадағы 70 мың шатырды су басты: Палестина БҰҰ-дан шұғыл көмек сұрады
АСТАНА. KAZINFORM — Палестина әкімшілігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысты тоқтату үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырды. Бұған өңірде жауған нөсер салдарынан қоныс аударған тұрғындар тұрып жатқан 70 мыңға жуық шатырды су басуы себеп болған. Бұл туралы Anadolu агенттігі жазды.
Палестина әкімшілігі таратқан жазбаша мәлімдемеде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Израиль тарапынан жасалып жатқан заңбұзушылықтарды тоқтатуға ықпал ету жөнінде үндеу жасалған.
Сондай-ақ Израильден гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуі үшін барлық шекара өткелдерін ашу және палестиналық тұрғындарды халықаралық деңгейде қорғауды қамтамасыз ету талап етілді.
Мәлімдемеде қазіргі басты міндет — Газа тұрғындарының өмірін сақтап қалу, оларды күнделікті қажетті заттармен қамтамасыз ету және гуманитарлық апаттың одан әрі ушығуына жол бермеу екені атап өтілген.
Палестина тарапы Газа секторындағы гуманитарлық жағдайдың нашарлауына Израильдің әскери әрекеттері мен қоршауы, сондай-ақ гуманитарлық көмектің жеткізілуіне қойылған шектеулер себеп болып отырғанын мәлімдеді.
Нөсер салдарынан 70 мың шатырды су басты
Газа секторына жеткен төмен қысымды атмосфералық аймақ қатты жауын-шашын әкелген. Соның салдарынан қоныс аударған палестиналықтар тұрып жатқан 70 мыңға жуық шатырды су басқан.
Палестина Сыртқы істер министрлігі де БҰҰ-ны, халықаралық гуманитарлық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдарды жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдауға шақырды.
Министрлік мәлімдемесінде қыс мезгілінің басталуымен балалар, қарттар мен науқастардың өміріне төнген қауіп күшейгені айтылған. Сонымен қатар су бұру және кәріз жүйелерінің қирауы тұрғындардың жағдайын одан әрі қиындатып отырғаны көрсетілген.
Осыған байланысты Израильге қысым жасап, Газаға гуманитарлық көмекті еш кедергісіз жеткізуге мүмкіндік беру қажеттігі атап өтілді.
Палестина тарапы өңірге уақытша тұрғын үй модульдерін, шатырларды, көрпелерді, қысқы киімдер мен жылыту құралдарын жеткізуді де талап етті. Бұдан бөлек, азық-түлік, ауызсу, дәрі-дәрмек және медициналық материалдар көлемін арттыру қажеттігі айтылды.
Мыңдаған отбасы қысқы суыққа дайын емес
Палестинаны азат ету ұйымының Босқындар ісі жөніндегі департаменті де халықаралық қауымдастықты Газа секторындағы мыңдаған қоныс аударған отбасыға көмек көрсетуге шақырды.
Бұған дейін Газа үкіметінің баспасөз қызметі соңғы 12 сағат ішінде нөсер жаңбыр салдарынан 70 мың шатырды су басқанын хабарлаған. Сондай-ақ ондаған ғимараттың қабырғасы құлап, анклавтың бірнеше ауданында адамдар жарақат алған. Олардың кейбірінің жағдайы ауыр деп бағаланған.
Сонымен қатар Израильдің шабуылдары кезінде зақымданған, апатты жағдайда тұрған ондаған ғимараттың құлау қаупі бар екені ескертілді.
Ал Палестина азаматтарының мүддесін қорғайтын Израильдегі Біріккен тізім партиясы елдің бұқаралық ақпарат құралдарында Газа секторындағы су тасқынына жеткілікті назар аударылмай отырғанын сынға алды.
Партия мәлімдемесінде палестиналықтардың Израильдің әскери шабуылдары мен гуманитарлық көмекке қойылған шектеулер салдарынан төртінші қысын шатырларда қарсы алуға мәжбүр болып отырғаны айтылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Газа секторындағы 500 мың адам БҰҰ көмегінен қағылған болатын.