Газадағы атыс дүйсенбіге дейін тоқтайды деп үміттенеміз – Байден
АҚШ президенті Джо Байден дүйсенбіге дейін Израиль мен ХАМАС арасында Газадағы атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілуі мүмкін екенін айтты.

— Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшім келісімге келуге өте жақын қалғанымызды айтты, бірақ оған әлі қол жеткізген жоқпыз. Келесі дүйсенбіге дейін атыс тоқтатылатынына сенімдімін, — деді Америка президенті дүйсенбі күні Нью-Йоркте журналистердің сұрақтарына жауап беріп.
Байденнің мәлімдемесі израильдік БАҚ «Израиль әскери делегациясы келіссөздер жүргізу үшін Қатарға ұшты» деген хабардан кейін жасалды.
Мысыр, Қатар және АҚШ-тың делдалдығымен жүргізілген келіссөздер Израиль мен ХАМАС арасындағы соғысқа алты апталық үзіліс жасауға қол жеткізуге бағытталған, бұл Израиль түрмелеріндегі жүздеген палестиналық тұтқынды кепілге алынған ондаған израильдікке айырбастауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, келісім БҰҰ мәліметі бойынша Газадағы ашаршылық алдында тұрған 2,3 миллионға жуық адамға көмек көрсетуге ықпал етеді.
Бір күн бұрын Джо Байден Израиль мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында Газа секторында соғыс қимылдарына қатыспауға келіскенін айтып, анклавта палестиналықтардың жаппай қырылуы жағдайында еврей мемлекетінің әлемдік қоғамдастық қолдауын жоғалту қаупі бар екенін атап өтті.