Газаға арналған гуманитарлық жүк тиелген «Глобал Сумуд» флотилиясы Барселонаға оралды
АСТАНА. KAZINFORM – Ұйымдастырушылар ауа райының қолайсыздығына байланысты миссияны кейінірек жүзеге асыратындарын айтты. Израиль билігі миссия қатысушыларын тұтқындаймыз деп қорқытты.

Бұл туралы euronews хабарлады.
Ондағы мәліметтерге қарағанда, Газаға бет алған «Глобал Сумуд» флотилиясы жағалаудан кеткен соң бірнеше сағаттан кейін Барселонаға қайтуға мәжбүр болды.
Құрамында белсенділер, танымал адамдар мен 44 мемлекеттің өкілдері бар 20 кеме Испания қаласынан жексенбі күні шыққан еді. Оларды шығарып салуға палестиналық қозғалысты қолдайтын мыңдаған адам келді.
Ұйымдастырушылар гуманитарлық жүкті Газаға жеткізуге ауа райы кедергі болғанын айтты. Олар кері қайту туралы шешімді қауіпсіздік мақсатында қабылдаған. Желдің жылдамдығы теңізде сағатына 56 км-ге жеткен. Ал мұндай жағдай шағын кемелер үшін қауіпті.
Осы сапардың алдында Испанияның метеорологтары Каталония мен елдің жағалаудағы өзге де өңірлерінде нөсер жауын жауып, дауыл тұратынын ескерткен.
Осылайша, кемелер жолға шықпай қалды, енді сапардың қашан ұйымдастырылатыны белгісіз.
Израиль билігі болса флотилияны тоқтатып, оның қатысушыларын тұтқындайтындарын айтып, қорқытты. Израиль қауіпсіздік министрі Итаман Бен-Гвирдің айтуынша, бұл миссия Израиль мемлекетінің егемендігіне нұқсан келтіріп, ХАМАС ұйымын қолдау деп танылады.
Ол белсенділердің тұтқындалып, террористерге арналған түрмеге қамалатынын, ал кемелер тәркіленетініне уәде берді.
Израильдің анклавтағы теңіз блокадасын бұзуға ұмтылғандардың ішінде ең ірісі саналатын бұл флотилия құрамында швециялық экобелсенді Грета Тунберг пен Ада Колау және Барселона мэрі бар болатын.
Акцияны «Оскар» сыйлығының лауреаты актриса Сьюзан Сарандон мен «Тақтар ойыны» сериалының актеры Лиам Каннингем де қолдады.
Газaға бағытталған флотилияның алғашқы әрекеті өткен айда азық-түлік сарапшылары аштық жақын уақытта апатты деңгейге жетуі мүмкін деп ескерткеннен кейін жасалды.
Газаның денсаулық сақтау министрлігінің (ХАМАС бақылауындағы) деректеріне сәйкес, бүгінгі күнге дейін аштықтан 340 палестиналық, соның ішінде 124 бала көз жұмған.
Ведомствоның мәліметінше, 23 айға жуық соғыс барысында Газада 63 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан. Бұл санақта бейбіт тұрғындар мен қарулы топ мүшелері бөлек көрсетілмейді.
Осыған дейін швециялық экобелсенді Грета Тунбергтің 31 тамыз күні Испанияның Барселонасынан Газа секторына шығатын жаңа «көмек флотилиясына» қатысатынын растағаны туралы жазған едік.