Газаға гуманитарлық көмек тасымалдаған кемеге шабуыл жасалды

АСТАНА.KAZINFORM — Құқық қорғаушылардың халықаралық коалициясы көмек көрсету миссиясын бұзу мақсатында кемеге әуе шабуылы жасалғанын хабарлады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Газаға гуманитарлық көмек тасымалдаған кемеге шабуыл жасалды
Фото: Мальта үкіметі

Газа секторына бет алған гуманитарлық көмек жүктелген кемеге жұма күні таңертең Мальта жағалауында дронмен шабуыл жасалды. Бұл туралы «The Freedom Flotilla Coalition» халықаралық үкіметтік емес ұйымы хабарлады.

Коалиция өз кемелерінің бірінде болған өрттің видеосын жариялап, Израильді айыптады.

ҮЕҰ кеменің Мальтаға бет алғанын, оған белсенділер тобы мініп, кейін олар Газа секторының жағалауына баруды жоспарлағанын айтты. Мальтада кемеге мінуге жоспарлағандардың арасында экологиялық белсенді Грета Тунберг пен АҚШ армиясының отставкадағы полковнигі Мэри Энн Райт болды.

— Жоспарланған жөнелту күні таңертең кемеге шабуыл жасалды. Ұйымның хабарлауынша, қарулы дрондар қарусыз кеменің алдыңғы бөлігіне екі рет шабуыл жасап, салдарынан өрт шыққан, — деп хабарлады ұйым.

«Бостандық флотилиясы коалициясы» әлеуметтік желіде кемеде 30 халықаралық құқық қорғаушы болғандықтан, суға батып кету қаупі бар екенін айтты.

Кеме Мальтадан шығысқа қарай бағыт алғанда апат сигналы қосылған.

 — Мальта үкіметі теңіз билігіне жергілікті уақыт бойынша түн ортасынан ауғанда өрт туралы қоңырау түскенін айтты. Кеме аумақтық сулардан тыс жерде болған және бортында 12 экипаж мүшесі мен төрт бейбіт тұрғын болған, — деп хабарлады Мальта үкіметі.

Оқиға орнына буксир қайығы аттанып, өртті сөндіруге кірісті. Шабуылға ұшыраған кемеге Мальта патрульдік кемесі де жөнелтілді.

— Барлық экипаж мүшесі қауіпсіз жерде, бірақ буксирге шығудан бас тартты. Кеме ішіндегі өртті сөндіруге көмек көрсетілді, — делінген Мальта үкіметінің мәлімдемесінде.

«Бостандық флотилиясы коалициясы» үкіметтік емес ұйымы өзін Израильдің Газа секторын блокадасын тоқтату және қоршаудағы анклавқа зорлық-зомбылықсыз тікелей әрекет арқылы гуманитарлық көмек жеткізу үшін жұмыс істейтін Палестинаны қолдайтын белсенділердің халықаралық желісі ретінде сипаттайды.

— Израиль елшілері шақырылып, халықаралық құқықты бұзғаны үшін, халықаралық суларда азаматтық кемені бомбалағаны үшін жауап беруі керек, — делінген хабарламада.

Израиль бұл айыпқа қатысты пікір білдірген жоқ.

2023 жылдың 7 қазанынан бері ХАМАС-тың Израильге шабуылынан және Газа секторында соғыс басталғаннан бері Палестина анклавы Израильдің әскери қоршауында болды.

2025 жылдың 2 наурызында Израиль анклавты толық гуманитарлық блокадаға салып, екі миллионнан астам палестиналықтарға азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да маңызды көмек көрсетуді тоқтатты. 

Айта кетелік Анклавта екі күн ішінде 90-нан астам адам қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар