Газдандыру және айыппұл: Алматы облысында экология мәселелері қалай шешіледі
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысындағы Жылу-электр орталығы 2026 жылға дейін газ отынына көшеді.

Алматы облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов 2024 жылдың қорытындыларымен бөлісіп, өткен жылы департамент тарапынан барлығы 129 тексеру жүргізілгенін атап өтті.
— Тексерулер барысында 300-ден астам экологиялық заңбұзушылықтар анықталып, 6 млрд 107 млн теңгеге айыппұл салынды. Сонымен қатар 500-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетуге жобалар қарастырылды, экологиялық мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың 1053 арыз-өтініштері қарастырылды, — деді ол.
Департаменті басшысы өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу жолдарына да тоқталды. Оның айтуынша, Алматы облысы Іле ауданында орналасқан № 3 Жылу-электр орталығы жылына орта есеппен 16-17 мың тонна шығарындыны ауаға таратады. Аталған орталық 2026 жылдың аяғына дейін газ отынына көшеді деп жоспарланған.
Сондай-ақ, ол облыстағы ауылдардың газға қосылуы экологиялық жағдайды жақсартатынын атап өтті.
— Облыстың аймақтық газдандыру кестесіне сәйкес, 284 ауылды мекендерді газ отынына көшіру көзделген. Бүгінгі күні 150 немесе жалпы есептің 53%-ы газға көшті. Қалған 134 ауылдың газға көшуі кезең-кезеңмен 2030 жылға дейін жоспарланған, — деді Қонысбек Байеділов.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ауа сапасын ластайтын басты факторлар қандай екенін жазғанбыз.