Газдандыру жұмысының басында құрбандық шалынып, бата берілді - Қызылорда облысы

Жұмысшылар көгілдір отын құбырларын «Fusion» компаниясының станина, хомут аппараттары, трактор-экскаватор техникаларының көмегімен жүргізіп жатыр. Бұл туралы Арал аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш компанияның алғашқы жұмысымен танысуға Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов бастаған бір топ азаматтар келіп, жұмыс қарқынымен танысты. Газдандыру құрылысының жоспар бойынша сызбасымен танысқан аудан әкімі газдандыру телімінің басшысы Жәдігер Оралыға көгілдір отын құбырлары қалаға кіру бойынан, алдымен Әбілхайыр хан - Бақтыбай батыр орталық көшелеріне жүргізілсін деген тапсырмасын міндеттеді. Мұнан кейін құрылыс жұмыстарының басында аудандық орталық мешіт имамы Сейізбек Евимханұлының қатысуымен құрбандық шалынып, құран оқылды. Ақсақалдар атынан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кішкене Айбосынов қасиетті жұма күніне сай Алладан ел игілігі үшін орындалып жатқан елеулі істерге сәттілік, бұл қарқынды жұмысқа береке тілеймін деді.