Газдың ақшасын әлеуметтік әмиян арқылы жеңілдікпен төлеуге болады – пилоттық жоба
АСТАНА. KAZINFORM – «Әлеуметтік әмиян» жобасында жаңа қызмет пайда болды. Енді екі өңірдің тұрғындары газдың төлемін жеңілдікпен төлей алады.
– «Әлеуметтік әмиян» жобасын әзірлеушісі компания мобильді қосымшаның функциясын кеңейтуде. Енді Шымкент пен Батыс Қазақстан облысындағы атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын азаматтар газ төлемін eGov Mobile мобильді қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» арқылы жеңілдікпен төлей алады. «QazaqGaz Aimaq» АҚ-мен бірлескен пилоттық жоба осы желтоқсанда іске қосылады, - делінген хабарламада.
Жаңа қызмет қалай жұмыс істейді?
- мұқтаж азаматтар туралы мәліметтер «Отбасының цифрлық картасы» жүйесінен Әлеуметтік әмиян жүйесіне түсіп, тауарлық газға арналған ваучерлер автоматты түрде жасалады;
- атаулы және тұрғын үй көмегін алушылар мәртебесі бар азаматтарға жеңілдік түріндегі әлеуметтік көмек тағайындалғаны туралы 1414 нөмірінен SMS хабарламалар жіберіледі;
- ваучерді хабардар ету үшін тұрғылықты мекенжайдың жеке шотын қосымшада көрсету қажет – тұрғын үйге меншік құқығы сияқты қосымша құжаттар талап етілмейді.
Жалпы сомадан 24%-ға дейін жеңілдік жасалауы мүмкін және белгіленген нормалар шегінде тұтынылған газ көлеміне қолданылады. Бұл нормалар өңірдің климаттық жағдайы мен тұрғын үйдің энергия тиімділігі ескеріле отырып есептелген және келесідей мөлшерде бекітілген:
● Шымкент – 631 м³/айға дейін;
● Батыс Қазақстан облысы – 833 м³/айға дейін.
– Әлеуметтік әмиян мемлекеттік органдарға ваучер қызметін пайдалану туралы тұрақты есептер ұсынады, бұл көмек көрсету процесінің ашықтығы мен бақылануын қамтамасыз етеді. Пилоттық жоба шамамен жарты жылға созылады, оның нәтижелері бойынша жобаны елдің басқа өңірлерінде масштабтау мүмкіндігі туралы шешім қабылданады. Толық ақпарат пен бейне нұсқаулықты 5169 нөміріндегі байланыс орталығы арқылы немесе aimaq.kz сайтында танысуға болады, - деп түсіндірілген ақпаратта.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Үкіметке 2025 жылдан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын толық енгізуді тапсырды.
Осы орайда Kazinform тілшісі әлеуметтік әмиян бойынша Президент тапсырмасын орындаудағы дайындық барысына шолу жасаған еді.