Газеттердің таралымы туралы асыра көрсетілген мәліметтерге айыппұл салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Газеттердің таралымы туралы асыра көрсетілген мәліметтер айыппұлмен жазалануы тиіс. Бұл туралы бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жолы біз бұл мәселе тұтынушылар құқығын қорғауға бағытталғанын талқыладық, себебі көбісі газетті сатып алады, оның ішінде жарнама берушілер олардың таралымын ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдарына барады. Көп басылымдар таралымы бойынша көрсеткіштерді асыра белгілеу арқылы сенімді теріс пайдаланады. Нәтижесінде, адамдарды жаңылыстырады. Сондықтан да осы құқық бұзушылықтар үшін 10 АЕК көлемінде айппұл салу лайықты шара деп санаймын, өйткені біз заң жобасынан тәркілеуді алып тастадық. Біз түсінеміз, болмашы ғана құқық бұзушылық, дегенмен де тек ескертумен шектелу қалу да  жөн емес",-деді Ж. Қожахметов.

Жауапты хатшы құжат әлі де тыңғылықты талқылауда болатынын, осы орайда алдағы уақытта мемлекеттік органдардың ескертулерін қамти отырып, қаралатынын атап өтті.

Айта кетейік, аталған топтың жұмысына  Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері қатысуда. Биылғы 1 қарашадан бері Министрлік заң жобасын жария түрде талқылауда. Осы уақыттың ішінде 150-ден астам ұсыныс келіп түсті.

Жалпы құжат 200-ге жуық түзетуді қамтиды және 4 Кодекс пен 12 заңға өзгерістермен толықтырулар енгізуді көздейді. Жұмыс тобының құрамына 60-қа тарта адам кірді. 

Соңғы жаңалықтар
telegram