Ғазиз Байтасов жайлы көркем фильм биыл көрерменге жол тартады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Биыл отандық 10 фильм прокатқа шығады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрілігінің Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған.

— Осы жылы нақты оқиғаға негізделген жол полициясы батальонының 1-ші взвод командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі туралы «Капитан Байтасов» фильмі көрерменге жол тартады. Ғазиз Байтасов 2011 жылғы 12 қарашада өз өмірінің бағасымен қылмыскерді өз денесімен жауып, Тараз қаласында террористік актіні тоқтатты, — деп атап өтті министрліктен.
Айта кетсек, марқұм Ғазиз Байтасов — Қазақстандағы ең жоғары дәрежелі «Халық қаһарманы» атағына ие болған алғашқы полиция қызметкері.

Еске салсақ, осыдан 14 жыл бұрын Таразда лаңкестердің қылмысы салдарынан 7 адам қаза тапқан, оның бесеуі — полиция қызметкері, екеуі — азаматтық тұлға.
Полиция капитаны Ғазиз Байтасов сол атыс кезінде адамдарды құтқару үшін гранатасы бар лаңкестің жолын кесті, сөйтіп қаза тапты.
Ведомстводан мәлім еткендей, жалпы 2025 жылы прокатқа 10 фильм шығады.
— Биыл өткен жылдары түсірілген 10 ұлттық фильмді кең прокатқа шығару жоспарда. «Жұлдыз» фильмі — ол ғасыр проблемасы, қазіргі қоғамның патологиясы, әлемдік тенденцияға айналып, вирус ретінде таралып жатқан лудомания мен ойынға тәуелділік туралы әлеуметтік драма. Сондай-ақ «90+1», «Қара қыз», «Осенний бриз», «Qaitadan», «Ароматное сердце», «Әбіл» көркем фильмдері мен «Алтын адам» анимациялық картина. Осы жылдың басында прокатқа шыққан «Тезек», «Fake-овый Арман» картиналары өз көрермендерін тауып үлгерді, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, мемлекет есебінен түсіріліп жатқан 16 киножоба бар.
Мәдениет және ақпарат министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес ұлттық фильмдерді түсіруге қолдау көрсету үшін әр жылдың басында басым тақырыптарды бекітеді.
— Осы жылы Мәдениет және ақпарат министрлігімен бекітілген басым тақырыптар қатарына «Отан, туған жерге деген сүйіспеншілік», «Отбасы (ата, әже, әке мен ана бейнесін ашу, тәрбиені дәріптеу)», «Тарих пен тағылым», «Жұмысшы мамандықтарын танымал ететін кино», «Қазақ ертегілері мен эпостары», «Балаларға арналған фильмдер», «Тұлғалар (танымал тарихи тұлғалар туралы фильмдер)», «Қоршаған орта, табиғатты қорғау», «Әскери-патриоттық кино», «Заң мен тәртіп», «Салауатты өмір салтын, спортты насихаттайтын кино», «Бірлік пен бейбітшілік», «Ғарыш пен ғалам», «Әйел құқығы, бала қауіпсіздігі», «Ұлттық құндылықтар», «Туған жердің көркем табиғаты», «Адал азамат», «Дос қадірі», «Білімді ұрпақ», «Тарихтағы елеулі оқиғалар», «Ғылыми жетістік», «Құмарлық пен тәуелділік» енді, — делінген министрлік жауабында.
Бұған қоса, 2024 жылы ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін, ашықтығын және рентабельділігін қамтамасыз ету мақсатында киножобаларды конкурстық іріктеудің жаңа ережелері бекітілген болатын.
Жаңа ережеге сәйкес алдымен министрлік бекіткен басым тақырыптарға сценарийлер қабылданып, құзыретті сараптама кеңесінің қарауына жолданады.

— Соңғы 2 жылда отандық фильмдер үлесі артып келеді. 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамаға сәйкес 2030 жылға қарай кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесі 35%-ға дейін ұлғайтылады. Мәселен, 2023 жылы кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесі 19,2% (79 фильм) және 2024 жылы 22,9% (94 фильм). 2024 жылы прокатқа шыққан отандық 94 фильм 22 млрд теңге шамасында кассалық табыс тапты. Фильмдерді прокаттаудан келіп түскен негізгі табыс отандық жеке киностудиялар, дистрибьюторлар мен кинотеатрларға тиесілі, — деп түсіндірді ведомстводан.
Осыған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің мазмұнына бақылау күшейетінін айтқан еді.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы Олжас Бектенов елімізде фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінің қалтасында қалатынын айтқан болатын.