14:35, 15 Қыркүйек 2023 | GMT +5
Геология комитеті 30 жылда 12 рет министрлік ауыстырған
Қазақстан геологтарының тұңғыш съезінде Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров кейінгі 30 жылда өз ведомствосының 12 рет қайта құрылымдалғанын айтты.

Оның пайымынша, мұндай тұрақсыздық саланың дамуына кері әсерін тигізбей қоймаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің комитет Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құрамына өткенін білесіздер. Жалпы кейінгі 30 жылда біздік комитет 12 рет қайта құрылымдауды бастан өткерген екен. Әр қайта құрылымдауға 6 ай уақыт кетеді десек, 30 жылдың 7 жылдай уақытын министрліктер арасында көшуге жұмсағанбыз. Әрине, мұның бәрі саланың дамуына, комитет жұмысына кедергі келтіргені сөзсіз», - дейді комитет басшысы.
Сондай-ақ, ол Қазақстанда ірі кен орындары қалмағанын айтады.
«Мемлекетке технологиялар әзірлеу жағына басымдық беру қажет. Өз технологиямыз болмаса, жеріміздің астында орасан байлық жатқанымен, шикізаттың өзін әлі де сырттан экспорттай береміз. Ал бізге әлдеқайда тереңдетілген қайта өңдеуге көшу керек. Ірі кеніштер дәуірі өтті. Біз қазір геолгиялық тұрғыдан өте күрделі, жер астында жүздеген, мыңдаған метр тереңдікте жатқан «соқыр» кеніштерді» зерттеп жатырмыз. Мұндай істе түбегейлі жаңа тәсілдер мен технологияларды қолданып, геологияның жаңа қатерлеріне дайын болу қажет», - деді Ерлан Ақбаров.