Геологиялық ақпаратты цифрландыру қарқынды жүріп жатыр

 АСТАНА.KAZINFORM - 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша барлығы 4 579 342 бірліктен тұратын бастапқы геологиялық ақпараттың 60%-ы — 2 601 571 бірлігі цифрланды. Бұл туралы Геология комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Геологиялық ақпаратты цифрландыру қарқынды жүріп жатыр
Фото: Геология комитеті

Бұл бағыттағы жұмыстар «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ бекіткен жоспарға сай жүргізілуде және толық цифрландыру 2028 жылғы 1 қаңтарда аяқталады.

Цифрланға бастапқы геологиялық ақпарат қатарына аумақтық қорларда сақталған қағаз құжаттардың сканерленген нұсқалары, сондай-ақ магниттік ленталар мен картридждерден алынған сейсмикалық деректер жатады. Бұл — далалық және зертханалық геологиялық барлау жұмыстары барысында тікелей тіркелген, бағалы әрі түпнұсқа мәліметтер.

— Сонымен қатар елімізде екінші геологиялық ақпаратты жүйелеу және цифрландыру да белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Республикалық және аумақтық геологиялық қорларда сақталған 74 452 есептің ішінен 66 180-і құрылымдалып, цифрлық форматқа көшірілді. Бұл жалпы көлемнің 89%-ын құрайды. Аталған жұмысқа есептердің қағаз нұсқаларын сканерлеу, оларды бірыңғай электронды қалталар мен файл түрлеріне құрылымдау және нақты зерттелген аумақтарға географиялық сәйкестендіру кіреді, — делінген хабарламада.

Атқарылып жатқан бұл жұмыстар геологиялық мәліметтерге қолжетімділікті жеңілдетіп қана қоймай, жер қойнауын пайдалануға қатысты жасанды интеллект пен заманауи аналитикалық құралдарды енгізуге берік негіз қалайды. Бұл — «ақылды геологияны» дамытуға және Қазақстанның минералдық-шикізат саласына инвестиция тартуға бағытталған маңызды қадам.

Айта кетелік Цифрландыру жаһандық дипломатияға қалай әсер еткені туралы жазған едік

 

Соңғы жаңалықтар