Геосаяси оқиғалар Орталық Азия елдерін ортақ көзқарас қалыптастыруға итермелеуде – Жәнібек Арынов
АСТАНА. KAZINFORM — 4 млн шаршы метрді жайлаған Орталық Азия деп аталатын аумақта бір-біріне өте ұқсас, тарихы мен мәдениеті байырдан біте қайнасқан, бірақ экономикасы мен саясаты дербес 5 мемлекет бар. Бесеуі де мұхиттан алшақ жатыр, сол үшін транзитке тәуелді.

Экономикалық тұрғыда аймақ елдері шикізатқа тәуелділіктен арылып, әртараптандыруға ұмтылып жатыр. Бұл тұста Ауғанстандағы тұрақсыздық, су ресурстары үшін бәсеке мен климат өзгерісі де ортақ қауіп екенін ұмытпаған жөн. Орталық Азияның геосаясаты бойынша зерттеу жасаған ғалым, Назарбаев университетінің профессоры Жәнібек Арынов Jibek Joly телеарнасының «Жаһан жайы» бағдарламасында аталған тақырыптар төңірегінде ойын айтты.
– Қазір Орталық Азиядағы геосаяси күштердің тепе-теңдігі қалай өзгеріп жатыр?
– Кейінгі 3-4 жылда Орталық Азияда үлкен геосаяси өзгерістер болып жатқанын көріп отырмыз. Оның бірден бір себебі – Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі, соғыстың болуы. Екінші бір себеп – АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің артуы. Одан бөлек, Таяу Шығыста болып жатқан жаңалықтар.
Осы себептердің барлығы жанама түрде болсын, кейде тікелей Орталық Азияға әсерін тигізеді. Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы саясатын сол болып жатқан өзгерістерге бейімдеп, бір шешім тауып, ортақ көзқарас қалыптастыруға итермелеп жатыр. Соның салдарынан кейінгі бірнеше жыл ішінде біз Орталық Азия арасындағы әріптестіктің артқанын байқап отырмыз. Бұл енді әрі қарай жалғаса беретін болса, мүмкін алдағы уақытта оң өзгерістерге алып келуі мүмкін.
– Ресей, Қытай, Батыс елдерінің мүдделері Орталық Азиядағы мүдделермен қалай тоғысады немесе қай жағынан қайшы келеді?
– Барлық мемлекет, Ресей болсын, Қытай болсын, Батыс елдері болсын – Орталық Азиямен белгілі бір қарым-қатынастары бар. Мысалы, Ресейдің Еуразия мемлекеттерімен бұрыннан келе жатқан қарым-қатынасы әртүрлі салаларда терең дамыған. Бірақ кейінгі уақытта біршама қиындықтардың болып жатқанын байқап отырмыз.
Ал Қытайды алатын болсақ, бұл ел кейінгі 15-20 жылдың ішінде үлкен инфрақұрылымға инвестиция салатын негізгі ойыншылардың біріне айналды. Одан бөлек индустрияландыру саласында Қытайдың көптеген инвестициялары келіп жатыр. Қытай біз үшін білім саласында әріптестігімізді тереңдететін ойыншыға айналды.
Еуропалық Одақтың өзінің мүдделері бар. Біз Еуропалық одаққа көптеп мұнай тасымалдаймыз, кейінгі 4-5 жылдың ішінде Еуропа транспорттық дәліздерге инвестиция салуды қолға алып отыр. Оның өзінің басымдықтары мен қиыншылықтары бар. Барлығының өзіне тән түрлі мүдделері бар. Десек те олар Орталық Азияның дамуын, тұрақты болуын, қауіпті аймаққа айналмай, керісінше осы әріптестікті тереңдететін Еуразиялық құрлықтың әр түрлі бөліктерін бір-біріне жалғайтын хабқа айналғанын қалайды.

– Ал Орталық Азияның өз ішіндегі экономикалық байланыстары қалай өрбіп жатыр?
– Орталық Азия елдері – әлемде көптеген жылдар бойы бір-бірімен ең аз байланыс орнатқан, бір-бірімен сауда немесе транспорттық қарым-қатынасы өте төмен аймақтардың бірі болды. Бірақ кейінгі 10 жылдықта ол біртіндеп өзгеріп келе жатыр. Бұл өзгерістің негізгі күші – Өзбекстанда 2016 жылы Президенттік биліктің ауысуы. Жаңадан келген Президент Ш.Мирзиеев Өзбекстанның сыртқы саясатын толықтай өзгертіп, ашық сыртқы саясатқа өтіп, көрші мемлекеттермен қатынасты нығайтуға көңіл бөлді.
Кейінгі 4-5 жылда сауда байланысы өркендей бастады, кедендерден өту біршама жеңілдеді. Мысалы, осыдан 10-15 жыл бұрын Өзбекстан мен Тәжікстан арасында кеден мүлдем болған жоқ. Сондықтан кейінгі жылдардағы қарқын өте позитивті. Ең үлкен жетістік – осы жылы мамыр айында Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанның президенттері шекаралық мәселелерді толықтай шештік деп келісімге қол қоюы. Бұл – өте үлкен жеңіс. Өйткені бұған дейін негізгі шиеленістің бәрі осы шекара мәселесі бойынша болған. Бірақ әлі де кейбір мәселелер бар.
– Орталық Азияда өзекті мәселенің бірі – су бөлінісі. Су мәселесін шешу перспективасы қандай деп ойлайсыз?
– Су мәселесі алдағы уақытта өте күрделі болады. Мен су саласы маманы емеспін. Бірақ Тәжікстан мен Қырғызстанда су өте көп болғанымен, қалған 3 мемлекет – Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан сол 2 мемлекеттен келетін суға тәуелді. Ал су тапшылығын біз жыл сайын көріп отырмыз.
Оның бірінші факторы – табиғи фактор, климаттың өзгеруі, су мөлшерінің азаюы, Тәжікстандағы мұздықтардың тез еруі. Барлық мемлекеттер суды өз экономикасына көбірек қолдануға тырысып отыр. Индустрияландыруға су керек, ауыл шаруашылығына су керек, қалалар өсіп жатыр, оған да су керек. Сондықтан су тапшылығы мәселесі алдағы уақытта өршиді деген болжам бар.
Кейбір ғалымдардың айтуы бойынша, Орталық Азияға су жетеді. Бірақ сол суды дұрыс қолдануға көбірек көңіл бөлу керек. Өйткені біз суды көп жоғалтамыз, ирригациялық жүйелердің барлығы ескі советтік жүйелер, судың көбі топыраққа сіңіп кетеді, күнделікті тұрмыста, кәсіпкерлікте судың шығыны өте жоғары. Сол мәселелерді шешу керек деген тұжырым айтады.
– Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Орталық Азия елдеріне қандай пайда әкелмек?
– «Бір белдеу, бір жол» - өте үлкен жоба. Оның ішіне Қытай жасап жатқан кез келген жобаны кіргізуге тырысады. Мұның Орталық Азия мемлекеттері үшін пайдасы көп. Бірақ Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасы салыстырмалы түрде кішкентай, көбі - дамушы мемлекеттер. Территориясы жағынан өте үлкен аймақты алып жатыр. Сол себепті Орталық Азия мемлекеттерінде транспорттық дәлізді салу үшін өте үлкен қаражат кетеді. Ол қаражатты қайдан аламыз? Оны сыртқы инвесторлардан аламыз. Қытай - сол инвесторлардың бірі.
Орталық Азия тек қана Қытаймен жұмыс істемейді, Еуроодақ, одан бөлек Дүниежүзілік банк бар. Олардың қаражатын тартуға тырысамыз. Сол себепті Қытай - біз үшін өте маңызды инвестиция көзі. Динамикаға қарайтын болсақ, Қытай өңдеуші салаға да көптеп қаржы бөліп жатыр. Оның бәрінің жақсы жұмыс істеп кеткені Орталық Азия мемлекеттері үшін өте маңызды.
Кейбір жобаларға қатысты Қытайға айтылатын сын бар. Қытай көп инвестицияны кредит түрінде береді. Кейін үкімет 15-20 жылдай уақытта қайтаруы керек. Сол себепті кейбір мемлекеттерде Қытайға қарыз мөлшері өте жоғары. Мысалы, Қырғызстанның Қытайға қарыз мөлшері ЖІӨ-нің 40 пайызына тең. Тәжікстанда да сол жағдай. Әрине, ол қауіп-қатерді назарда ұстау керек.
Тағы бір Қытайға қатысты айтылатын нәрсе – экологиялық стандарттардың сақталмауы. Ауыл шаруашылығы болсын, инфрақұрылымдық зауыт салу мәселесінде болсын, кейде орналасқан аймағын ластау деңгейі өте жоғары болады. Қазақстан Үкіметінің мақсаты – инвестицияны тарту, бірақ міндеті – бүкіл тәуекелдерді саралап, соларды реттеуге тырысу керек. Халық үшін экологиялық стандарт өте маңызды.
– Қазақстанның дипломатиядағы рөліне қандай баға берер едіңіз?
– Еліміздің дипломатиялық ұстанымына, көпвекторлы саясатына кейде сын айтылады. Анығырақ позиция талап ететіндер бар. Мен бұндай сындарға келіспеймін. Себебі Қазақстанның геосаяси орналасуы өте қиын, даулы аймақ. Құрлықта одан бөлек мемлекеттер бар, басқа елдердің мүдделері, инвестициясы бар. Менің ойымша, геосаяси аймақта көп жағдайда бейтарап позицияны ұстанған дұрыс.
Ал егер Қазақстан Түркия сияқты кез келген мәселе бойынша өзінің ойын айтатын болса, бізге геосаяси тұрғыдан біршама қиындықтар тудыруы мүмкін. Біз Өзбекстан емеспіз. Мысалы, Өзбекстанның Қытаймен де, Ресеймен де шекарасы жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!