Германия азаматын өлтірген павлодарлық қыздар 16 жылға сотталды
Сот Мария Евповар мен Ирина Михайлюкті топтасып кісі өлтіргендері және ірі көлемде ұрлық жасағандары үшін айыпты деп таныды.
«Әрқайсысына 16 жылға бас бостандығынан айыру және жазаларын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі қылмыстық-түзету мекемесінде өтеу жазасы тағайындалсын, - деп оқыды шешімді судья Құдабай Сұлтанов. Сонымен қатар, сот екі қызға жапа шегуші жаққа екі миллион теңгеден өтемақы төлеуге міндеттеді. Сотталушылар бұл қаржыны 2018 жылдың 30 маусымына дейін өтеуі тиіс. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 2018 жылдың қаңтар айында Германия азаматын өлтіру ісі жабық күйде қарала бастаған болатын. Оқиға өткен жылдың қазан айында Павлодар қаласының Усолка шағынауданындағы үйлердің бірінде болған. Күдікті ретінде жалдамалы пәтерде бірге тұратын 19 жастағы қыздар ұсталған болатын. Айыпталушылардың біреуі дәмханада даяшы болып істесе, екіншісі жергілікті медколледждің студенті. Тергеушілердің мәліметінше, жас қыздар жігітке 20 рет пышақ жарақатын салған.