Германия билігі жаңартылатын энергия көздеріне бөлінетін субсидияны қысқартпақ
АСТАНА. KAZINFORM — Германия экономика министрі Катерина Райхе жаңартылатын энергия көздеріне бөлінетін субсидияларды қысқартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды DW.

Бұл туралы Spiegel журналы жазды. Салалық қауымдастықтардың дерегінше, жаңартылатын энергия көздері елдегі тұтынудың шамамен 57 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұған дейін министр шағын күн панельдерін жеке үйлердің шатырларына орнатуға берілетін мемлекеттік қолдауды тоқтататынын хабарлаған еді.
Сонымен бірге, Райхе 2030 жылға дейін экологиялық таза электр энергиясының үлесін 80 пайызға дейін арттыру мақсатын сақтап отырғанын атап өтті. Алайда жаңартылатын энергия көздерінен электр өндіру көлемінің ауытқуын өтеу үшін үкімет көмірден біртіндеп бас тарту аясында жаңа газ электр стансаларын салуға мемлекеттік қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта жердегі жел турбиналары арқылы электр өндіру көлемі 12 пайызға қысқарды. Бұған 2025 жылдың бірінші тоқсанында әлсіз жел себеп болған. Бұл алдын ала есептеулерді Баден-Вюртембергтегі Күн энергиясы мен сутегі зерттеу орталығы (ZSW) және Германия энергетика және су шаруашылығы федералдық одағы (BDEW) жариялады. Аталған деректерге сәйкес, жалпы электр энергиясын өндіру өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 0,9 пайызға жоғары болған.
Айта кетелік Германияда әлемдегі ең биік жел турбинасы салынып жатқаны туралы жазған едік.