Германия экономикасы Қытайдағы конъюнктураның әлсіреуінен зардап шегіп отыр

БЕРЛИН. ҚазАқпарат – Қытайдағы экономикалық жағдайдың әлсіреуі салдарынан елде Германия экспорты 8,5 пайызға азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат DW-ге сілтеме жасап.
None
Фото: picture-alliance/dpa/XinHua/Ding Ting

Қытайдағы экономикалық жағдайдың әлсіреуі екі елдің «бір-бірімен тығыз экономикалық байланысы» салдарынан әсіресе Германияға кері әсерін тигізіп жатыр. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Германиядан Қытайға экспорт 8,5 пайызға, ал Қытайдан импорт 16,6 пайызға қысқарған. Бұл туралы 30 тамыз, сәрсенбі күні жарияланған Funke тобы басылымдарына берген сұхбатында Сауда-өнеркәсіп палаталары Федералдық қауымдастығының (DIHK) сыртқы экономикалық қызмет бөлімінің басшысы Фолькер Трайер (Volker Treier) хабарлады.

Оның айтуынша, Германияда бір миллион жұмыс орны Қытай экспортына тәуелді. Бұл ретте Трайер Қытайға конъюктураның әлсіреуінен Германияның автомобиль, химия өнеркәсібі және машина жасау сияқты классикалық экспорттық салалары ғана емес, сонымен бірге энергетикалық көшу және ұлттық экономиканы цифрландыру сияқты маңызды салалар да зардап шегіп отырғанын атап өтті.

DIHK басшыларының бірі түсіндіргендей, бұл салаларда Германия Қытайдан келетін импортқа қатты тәуелді. Жақында Қытай экономистердің көңілін қалдырған бірқатар өнеркәсіп, экспорт және бөлшек сауда деректерін жариялады. Бұл салалардағы құлдырау, ең алдымен Қытай экономикасын қатты бәсеңдеткен коронавирус пандемиясының салдарына байланысты.

Желтоқсан айында Қытай коронавирусқа қарсы шектеулерді алып тастады, бірақ өсудің тез қалпына келуіне деген үміт ақталмады. Бұған ішкі сұраныстың әлсіздігі мен Қытайдағы жылжымайтын мүлік дағдарысы әсер етті.


Соңғы жаңалықтар