Германия Иранмен соғысқа араласқысы келмейді — Мерц
АСТАНА. KAZINFORM - Германия канцлері Фридрих Мерц Норвегияға сапары барысында Берлиннің Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерді әскери тұрғыдан қорғау мәселесін қарастыруға негіз жоқ екенін мәлімдеді. Бұған дейін Иран тарапынан аталған бұғазға шабуылдар жасалған болатын. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады, деп жазады Armenpress.
- Германияның бұл соғысқа қатысы жоқ және біз оған араласқымыз келмейді, — деді ол.
Сондай-ақ Германия канцлері АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің ресейлік мұнай тиелген кемелерге қатысты санкцияларды уақытша жеңілдету шешімін сынға алды.
-Біз мұны дұрыс шешім деп санамаймыз. Қазір мәселе мұнай жеткізілімінде емес, бағада болып отыр. Осыған байланысты АҚШ үкіметін мұндай қадамға итермелеген басқа қандай факторлар болғанын білгім келеді, — деді Мерц.
Иранға қарсы соғыс жағдайында мұнай мен газ бағасын төмендетуге бағытталған АҚШ пен Израильдің әрекеттері айтарлықтай нәтиже бермегенге ұқсайды. Өйткені 13 наурызда Brent маркалы мұнайдың бағасы қайтадан барреліне 101 долларға дейін көтерілді.
12 наурызда АҚШ теңіз арқылы жеткізілетін ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін сатып алуға қатысты санкциялар аясында бірқатар елге 30 күндік жеңілдік кезеңін берген болатын.
Осыған дейін Трамптың ресейлік мұнайға салынған санкцияларды уақытша жеңілдеткені туралы жаздық.