Германия канцлері климаттың өзгеруін талқылау үшін Бразилияға барды

АСТАНА. KAZINFORM – Германия канцлері Фридрих Мерц Бразилияның Белен қаласында өтетін COP климаттық конференциясына барды. Онда әлемдік көшбасшылар климатты қорғау және Амазонияның тропикалық ормандарын сақтау бойынша жаһандық шараларды талқылайды, деп хабарлайды BILD. 

Германия канцлері климаттың өзгеруін талқылау үшін Бразилияға келді
Фото: BILD

Саммиттің негізгі тақырыбы Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силваның бастамасымен құрылған Амазонканы қорғауға арналған жаңа халықаралық қор болды. Бұл қор ормандарды сақтайтын елдерді қолдауға және ормандардың жойылуына бақылауды күшейтуге бағытталған.

Бразилияның күткеніне қарамастан, Германия қорға қатысу үшін нақты қаржылық міндеттемелер берген жоқ. Фридрих Мерц Германияның ғаламшар климатын жалғыз өзі құтқара алмайтынын мәлімдеп, бірлескен халықаралық іс-қимыл қажеттігін атап өтті.

- Климаттық бейтараптыққа тек Германия қол жеткізсе, бұл мағынасыз. Тіпті бүгін қол жеткізсек те, ештеңе өзгермейді, - деп атап өтті Мерц.

Бразилия мен Индонезия жаңа қорға әрқайсысы 1 млрд доллардан бөлуге уәде берді, ал Ұлыбритания өз жарнасын дайындап жатыр. Алайда Германия қолдау сөздерімен шектеліп, федералды бюджет әлі бекітілмегенін және қаржыландыру үлесі әлі белгісіз екенін түсіндірді.

Осы арада БҰҰ климаттық тәуекелдердің артуы туралы ескертіп отыр. Бас хатшы Антониу Гутерриш шығарындыларды азайтудың қазіргі қарқынымен жаһандық температура ғасырдың соңына қарай 2,8°C-қа көтерілуі мүмкін екенін, ал Париж келісімінің мақсаты бұл өсімді 1,5°C-тан аспайтындай етіп шектеу екенін мәлімдеді.

Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының ашылуында сөйлеген кіріспе сөзінде адамзат климаттық әділеттілікті таңдауы тиіс екенін айтты.

Ал Ыстанбұл климаттық қауіптерге қарсы шараларды күшейтпек екенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар