Германия президенті халықты оңшыл радикалдармен күресуге шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер демократияға қауіп төндіріп, халық арасында қолдауы артып келе жатқан әсіреоңшыл саяси күшпен күресуге шақырды, деп хабарлайды Анадолу.

Германия президенті
Фото: Анадолу

Берлиндегі Бельвю сарайында сөз сөйлеген ол қоғамда ашық наразылық пен сенімсіздік бар екенін атап өтті.

«Неміс халқының басым бөлігі еркіндік пен демократия жағдайында өмір сүргісі келеді. Алайда біздің еліміз тарихында демократия ешқашан бүгінгідей шабуылға ұшырамаған», деді Штайнмайер.

Оңшыл радикалдарға қарсы күресуге шақырған президент: «Дауылдың басылуын күтіп отыру жеткіліксіз. Уақытты жоғалтатын сәт емес, әрекет етуіміз керек», деп ойын нықтады.

Президент 1918 жылдың 9 қарашасында алғашқы Герман Республикасы жарияланғанын еске салды. Ал бүгінде, 107 жылдан кейін, Германиядағы либералдық демократия қысымға түсіп, популистер мен экстремистер демократиялық институттарды қорлап, қоғамдық талқылауларды улап, халықтың қорқынышын пайдаланып отырғанын айтты.

Сондай-ақ ол 1938 жылдың 9 қарашасында, 87 жыл бұрын, ұлтшылдар еврейлердің үйлеріне, жұмыс орындары мен синагогаларына шабуыл жасағанын еске салды. Бұл — Германия тарихындағы ең қаралы кезеңдердің бірі болды.

Штайнмайер 1989 жылдың 9 қарашасында Берлин қабырғасының құлауымен екі Германияның қайта бірігуі басталғанын да айтты. Алайда 36 жылдан кейін Шығыс және Батыс Германия тұрғындары арасындағы алшақтық қайта күшейіп, «бейбіт революция» туралы тарихи жадының көмескіленгенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Германия АҚШ-пен климаттық баж салығына байланысты дауға дайындалып жатқанын жаздық.

Сондай-ақ Германияда қоқыс пен вандализмге қарсы жаңа қызмет құрылды.

Соңғы жаңалықтар