Германияда 16 жасқа дейінгі балаларға TikTok пен Instagram-ға тыйым салу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Германияда 16 жасқа толмаған балаларға TikTok пен Instagram-ды пайдалануға тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды DW.

тикток
Фото: Pexels

Осындай бастаманы Германияның бұрынғы білім және ғылым министрі, «Жасылдар» партиясының саясаткері Джем Оздемир көтерді.

Оның айтуынша, балаларға смартфон мен медиа құралдарын «жауапкершілікпен» қолдануды үйренгенге дейін әлеуметтік желілерге қол жеткізуді шектеу қажет.

— Біз жасөспірімдерге жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізуге рұқсат етпейміз. Ол үшін арнайы жүргізу сабақтары бар. Біз дәл осындай тәсілді әлеуметтік желілерге де қолдануымыз керек, — деді Оздемир dpa агенттігіне берген сұхбатында.

Die Zeit газетінің сауалнамасына сәйкес, Германиядағы ересек тұрғындардың көпшілігі бұл шараларды қолдайды. Әсіресе бұл бастамаға 18 бен 24 жас аралығындағы жастар жиі келіседі, олар өздері де өсіп келе жатқанда әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізген.

Алайда Германияның мұғалімдер қауымдастығы балаларға арналған әлеуметтік желілерге тыйым салу идеясын «жүзеге асыру қиын әрі нәтижесіз шара» деп есептейді.

— Facebook, Instagram және TikTok — бұл қазіргі шынайы өмірдің бір бөлігі, жастар осы әлемде бағыт табуы керек. Тыйым салу көмектеспейді, — деді ұйым президенті Штефан Дюлль.

Осыған дейін Ирландияда пайдаланушы туралы деректерді бөліскені үшін TikTok-қа айыппұл салынды.

Сондай-ақ, Түркияда YouTube, X, TikTok, Instagram желілеріне шектеу қойылғаны белгілі болды.

Оқу-ағарту министрлігі TikTok-ты шектеуге қатысты пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар