Германияда Ангела Меркель мінген ұшақтың бөлшектері кәдесыйға айналды

АСТАНА. KAZINFORM — Ангела Меркель мінген Германияның бұрынғы үкіметтік ұшағының бір бөлшегін енді кәдесый ретінде өзіңмен бірге алып жүруге болады. Есептен шығарылған Airbus A340-300 «Конрад Аденауэр» ұшағының сыртқы қаптамасынан кілтсалғыш, жүк биркасы мен стакан қоятын тұғырлар жасалған, деп хабарлайды DW.

Самолет Ангелы Меркель
Фото: DW

Тарихи ұшақ кәдеге жарамай, жаңа қолданысқа ие болды. Германияның Aviation Upcycling компаниясы оның түпнұсқа алюминий қаптамасының бөлшектерінен кәдесыйлар жасап, сатылымға шығарды.

Олардың бағасы да арзан емес. Өлшемі 9,5 × 9,5 сантиметр болатын стакан қойғыш 89,20 еуроға, ал кілтсалғыш 79,29 еуроға бағаланған. Соған қарамастан, екі өнім де сатылып кеткен. Бұрынғы үкіметтік ұшақтың бір бөлшегін иеленгісі келетіндер әзірге 34,66 еуродан басталатын багаж биркаларына тапсырыс бере алады.

Алайда ұшақтың барлық бөлігі қайта өңдеуге жіберілген жоқ. Ұшақ корпусының ұзындығы шамамен 30 метр болатын ең үлкен бөлігі Берлин-Гатов аэродромында музей экспонаты ретінде сақталады.

Музейге келушілер Германияның жоғары лауазымды саясаткерлері пайдаланған ұшақ ішіндегі бөлмелерді тамашалай алады. Атап айтқанда, ұшқыштар кабинасы, екі конференц-зал және делегация басшысының жеке кабинеті сақталған.

«Конрад Аденауэр» ұшағы 2011 жылдан 2023 жылға дейін Германия үкіметінің қызметінде болды. Осы кезеңде ол елдің канцлерлерін, президенттерін, Бундестаг басшылары мен сыртқы істер министрлерін тасымалдады.

Ұшақ қызметінің басым бөлігі Ангела Меркельдің канцлерлік кезеңімен тұспа-тұс келгендіктен, оған бейресми түрде «Меркельдің ұшағы» деген атау берілген.

Ал 2022 жылғы қарашада Германия Қарулы күштері үкіметтік мақсатта пайдаланылатын жаңа Airbus A350-900XWB ұшағын қолданысқа енгізді. Оған да Германия Федеративтік Республикасының алғашқы канцлері Конрад Аденауэрдің есімі берілді.

Бұған дейін Қытайда салмағы 10 тонна болатын электр ұшағы экипажбен бірге алғаш рет әуеге көтерілгенін хабарлаған едік.