Қытайда салмағы 10 тонналық электр ұшағы экипажбен алғаш рет әуеге көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда жергілікті мамандар әзірлеген CE-25A электрлі жолаушылар ұшағы экипажбен алғашқы сынақ рейсін сәтті орындады. Бұл туралы «Синьхуа» хабарлайды.
Сынақ 14 қарашада Шаньдун провинциясындағы Биньчжоу қаласында өтті. Ұшақ бортында екі ұшқыш пен сынақ инженері болды. Қытайдың коммерциялық ұшақтар корпорациясының мәліметінше, ұшу штаттық режимде өтіп, барлық көрсеткіш күтілген нәтижеге сәйкес болған.
CE-25A – компания әзірлеген алғашқы коммерциялық электр ұшағы. Ол 19 жолаушыға арналған және негізінен қалалар арасындағы бағыттарда қатынауға бейімделген.
Ұшақтың ең жоғары ұшу салмағы – 10 тонна. Ол сағатына 300 шақырымға дейінгі крейсерлік жылдамдықпен ұша алады. Сондай-ақ 2 400 метр биіктікке көтеріліп, 400 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсеруге қауқарлы.
Бұған дейін, 2 ақпанда, ұшақ экипажсыз алғашқы автономды ұшуын орындаған. Әзірлеушілер осы уақытқа дейін барлығы 19 ұшқышсыз сынақ рейсін өткізген.
Жоба аккумулятор өндіруші CATL компаниясымен, Шанхай Цзяо Тун университетімен және басқа да серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылды.
Қытайдың авиация саласындағы уәкілетті органдары жаңа модельді сертификаттауға өтінімді қабылдады.
Бұған дейін қазақстандықтардың биыл қыста Мысырға тікелей рейстермен демалысқа бара алатыны хабарланған.
Осыған дейін елімізде әуежайлар жаңғыртылып, ұшақтар паркі жаңаратыны туралы жаздық.