Германияда әрбір бесінші жастың кәсіби білімі жоқ

АСТАНА. KAZINFORM – Германияда 20 мен 34 жас аралығындағы 2,76 миллион адамның аяқталған кәсіби білімі жоқ. Бұл осы жас тобындағы азаматтардың шамамен бестен біріне тең, деп хабарлайды германиялық Tagesschau басылымы.

Германияда әрбір бесінші жастың кәсіби білімі жоқ
Фото: tagesschau.de

Германияның Білім министрлігінің баяндамасында келтірілген бұл көрсеткіш алаңдаушылық туғызып отыр.

Федералдық еңбек агенттігінің басшысы Андреа Налес те жағдайға алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, 2026 жылы кәсіптік білім алуға өтініш берген 179 мың адам ғана оқу орнын тапқан. Бұл былтырғыдан 12 мыңға аз және тіркелген үміткерлердің небәрі 40 пайызы. Германия біріккеннен бері мұндай төмен көрсеткіш болмаған.

Кәсіптік білім беру жөніндегі федералдық институт (BIBB) жастардың мамандық игере алмауының екі негізгі себебін атады. Біріншіден, экономикалық жағдайға байланысты кәсіпорындар оқыту орындарын ұсынуға сақтықпен қарай бастаған. Екіншіден, жұмыс берушілер ұсынатын оқу шарттары жастардың сұранысына жиі сәйкес келмейді.

Бұған қоса, баспана құнының қымбаттығы да кедергі болып отыр. Ірі қалаларда бір бөлменің жалдау ақысы 700 еуроға дейін жетеді. Көптеген жас ата-анасының қаржылай көмегінсіз баспана жалдай алмайды.

Германия кәсіподақтарының бірлестігі үкіметті жастардың кәсіби біліктілігінің жоқтығы мәселесіне көбірек көңіл бөлуге шақырды.

– Іс жүзінде бұл жастар еңбек жолын әлі бастамай жатып, еңбек нарығының шетінде қалып отыр. Олардың жұмыссыз қалу және тұрақсыз жұмыспен қамтылу қаупі әлдеқайда жоғары екенін жақсы білеміз, – деді ұйым өкілі Ян Крюгер.

Еске сала кетсек, бұған дейін Германияда жастар наразылығы тәртіпсіздікке ұласқанын жаздық. 

Ал Франкфурттағы тәртіпсіздік кезінде қару-жарақ дүкені тоналды.