Германиядағы тәртіпсіздік кезінде қару-жарақ дүкені тоналды
АСТАНА. KAZINFORM – Германияның Франкфурт-на-Майне қаласында сенбі күні кешке жаппай тәртіпсіздік болып, наразылық білдірушілер полициямен қақтығысты. Қала орталығындағы Цайль сауда көшесінде бірнеше дүкеннің витринасы сындырылып, қару-жарақ дүкені тоналды.
Алдымен бір топ адам Snipes аяқ киім дүкендер желісінің витриналарын қиратқан. Оқиға орнына су атқыш машиналармен келген полиция тәртіп бұзушыларды ығыстырған. Алайда олар жақын маңдағы көшеге қарай жылжып, ондағы бірнеше дүкенді, соның ішінде қару-жарақ сататын орынды тонаған.
Тәртіпсіздікке қатысушылар дүкеннің витринасын таспен ұрып, жұдырықпен және аяқпен теуіп сындырған. Соның салдарынан әйнек бірнеше жерден жарылып, ақыры қираған. Reuters фотографының айтуынша, олар дүкеннен кемінде екі қару ұрлаған. Бастапқыда олардың жауынгерлік қару екені белгісіз болған.
Полиция оқиғадан кейін тергеу барысында бір адамды ұстады. Сондай-ақ екі қаруды тәркіледі. Болжам бойынша, олардың екеуі де тонауға ұшыраған қару-жарақ дүкенінен алынған. Бұған қоса, аяқ киім дүкені тоналып, өзге сауда орындарының да витриналары сындырылған.
Франкфуртте Z буынының наразылық акциясы күшпен таратылды
Шамамен 8 мың адам қатысқан Z буынының шеруі бірнеше сағат бойы бейбіт өткен. Алайда кешке қарай жағдай ушығып кеткен.
Гессен федералды жерінің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, солшыл экстремистік топтың 100-ге жуық мүшесі полицияға бөтелке, тас және отшашу лақтырған. Ал BILD басылымының хабарлауынша, тәртіп бұзушылардың саны 1 мыңнан әлдеқайда көп болған.
Бірнеше полицей жарақат алып, ақыры құқық қорғау органдары наразылық акциясын күшпен таратты.
Алайда тәртіпсіздік мұнымен тоқтамаған. Адамдар тобы қала орталығында жүріп, әсіресе Цайль көшесінде жағдайды ушықтырған. Франкфурттің ең танымал сауда көшесі қоршауға алынып, оқиға орнына көп мөлшерде полиция күші жұмылдырылды.
Тәртіпсіздік кезінде бейбіт тұрғындар да зардап шекті. Жиналған жұртқа бірнеше рет петарда лақтырылған. Оқиғаға байланысты ондаған адам ұсталды. Қала орталығындағы жағдай кешке дейін шиеленісті күйде қалған.
Айта кетейік, бұған дейін Германияның 30-дан астам қаласында жастардың наразылық акциясы өтіп жатқанын жаздық.