Германияның 30-дан астам қаласында жастардың наразылық акциясы өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Сенбі күні Германияның 30-дан астам қаласында «Z буыны шешеді» бастамасының аясында жастардың ауқымды демонстрациясы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Молодежные протесты охватили более 30 городов Германии
Фото: Bild

Еуропадағы (әсіресе Францияда, Италияда және басқа елдерде) жастардың наразылық толқыны өмір сүру құнының өсуіне, білім беру мен әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландырудың жеткіліксіздігіне және міндетті әскери қызметтің қайта енгізілуіне наразылық білдіруге бағытталған. Ұйымдастырушылар 160 000-нан 175 000-ға дейін қатысушы болады деп жоспарлаған.

Наразылық білдірушілердің негізгі талаптарына мектептер мен білім беруге инвестицияны көбейту, өмір сүру және пәтер жалдау ақысын төмендету, климатты қорғауды күшейту, әлеуметтік бағдарламаларды қорғау және осы саладағы қысқартуларды тоқтату кіреді.

Германиядағы ұйымдастырушылар наразылықтың бейбіт сипатта екенін, экстремистерден, зорлық-зомбылықтан, нәсілшілдіктен және конституцияға қайшы белгілерден алшақ екенін атап өтті.

Үкіметке және канцлер Фридрих Мерцке жолданған ашық хатта олар қатаң үнемдеу саясаты «оларды барлық үміттен айыратынын» мәлімдеді.

Наразылық акциялары Берлин (Бранденбург қақпасында және басқа жерлерде), Кельн, Франкфурт-на-Майне, Мюнхен, Гамбург, Штутгарт, Лейпциг, Дрезден және басқа да ірі қалаларда өтіп жатыр.

Полицияның түскі уақыттағы есебіне сәйкес, Берлиндегі Бранденбург қақпасында шамамен 5000 адам (ұйымдастырушылар бұдан көп санды көрсеткен), Штутгартта шамамен 3000 және Кельнде бірнеше мың адам жиналған (тіркеу саны 15 000-ға жеткен).

Бірқатар қалада пиротехникалық заттар, бетперде киген қатысушылар  ұсталды. Штутгарт пен Кельнде полиция араласып, бетперделерді шешуді және шерулерді тоқтатуды талап етті.

Жалпы алғанда, билік наразылық акцияларының негізінен бейбіт болатынын күтті. Бірақ солшыл және басқа да экстремистік топтардың жағдайды пайдалану әрекеттері болуы мүмкін екенін ескертті.

Берлиндегі наразылық акцияларында (әсіресе Курфюрстендамм көшесінде) сәнді бренд дүкендері (Bvlgari, Tiffany & Co., Valentino және басқалары) Франциядағы жақында болған тәртіпсіздіктерге ұқсас погромдардан қорқып, терезелерін фанермен қаптады. Ел бойынша мыңдаған полиция қызметкері жұмылдырылды. 

Ұйымдастырушылар бейбіт наразылық акцияларына шақырып, «Тек бейбіт жолмен ғана бір нәрсеге қол жеткізе аламыз» деді. Қозғалыс өкілі Вероника Динтер жастардың жағдайы «қауіпті» екенін және оларды өмірге дайындауы керек институттар қаржыландырудың жетіспеушілігінен «аштан өліп» жатқанын атап өтті.

Наразылық акциялары Хэллоуинмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл биліктің арандатуларға қатысты алаңдаушылығын күшейте түсті. Сарапшылардың бағалауынша, жастардың наразылығы бағаның жоғары болуына, мектептердің жағдайына, тұрғын үй дағдарысына және саясаткерлердің жас ұрпақтың мүддесін ескермей шешім қабылдайтынына байланысты болып отыр.

- 31 қазан - тек бастамасы, - деген еді ұйымдастырушылар.

Германия көшелеріндегі жағдай динамикалық күйде: көптеген қалада наразылық салыстырмалы түрде тыныш жүріп жатыр, бірақ полиция жоғары дайындықта.

Германияда жұмыссыздар саны 3 миллионға жуықтағанын жазған едік.