Германияда елдің ең көне атом электр станциясының мұнаралары қиратылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бавария аймағында орналасқан бұрынғы Гундремминген атом электр станциясының биіктігі 160 метр болатын екі салқындатқыш мұнарасы жару арқылы қиратылды, деп хабарлайды Bild басылымы.
Бұл оқиға станцияны толық демонтаждау жұмыстарының ең ауқымды әрі көзге көрінерлік кезеңі болды. Гундремминген АЭС-і өз жұмысын 2021 жылдың соңында толық тоқтатқан.
Соңғы бірнеше жыл ішінде станция аумағынан шамамен 4700 тонна құрылыс материалы шығарылған. Ал соңғы жарылыс нәтижесінде тағы 56 мың тонна темірбетон жойылып, ол кейінірек қиыршық тас пен құрылыс шикізатына қайта өңделмек.
Жарылыс операциясын орындау үшін мыңнан астам тесік бұрғыланып, оларға жарылғыш заттар орналастырылған.
Гундремминген атом электр станциясы Германияның атом энергетикасы тарихында маңызды орын алады. Себебі дәл осы жерде 1966 жылы Федеративтік Республикадағы алғашқы ірі ядролық реактор іске қосылған еді.
Айта кетейік, Германияда құс тұмауы өршісе, жұмыртқа мен құс еті тапшы болуы мүмкін екенін жазғанбыз.