Германияда электрлі самокат апатынан қаза тапқандар саны артты
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылы Германияда полиция электрлі самокаттардың қатысуымен 11 944 жол-көлік оқиғасын тіркеді, деп жазды DW.

Бұл өткен жылмен (9425) салыстырғанда 27%-ға көп. Федералдық статистика басқармасының (Destatis) мәліметінше, мұндай апаттар салдарынан 27 адам қаза тапқан, 1513 адам ауыр жарақат алған, ал 11 433 адам жеңіл жарақат алған.
Қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің 83,9%-ы — самокатты тізгіндегендер.
Зардап шеккендердің басым бөлігі — 45 жасқа дейінгі жастар, олардың шамамен жартысы — 25 жасқа толмағандар.
Апаттардың 21%-ында себеп — жолдың немесе тротуардың дұрыс пайдаланылмауынан болған. Ережеге сай, электрлі самокаттар велосипед жолақтарымен немесе арнайы бөлінген жолақтармен жүруі тиіс. Егер ондай жолақтар болмаса, олар жолдың жиегімен жүруі керек.
Тротуарлар мен жаяу жүргіншілер аймағымен жүруге тек арнайы белгілер рұқсат берген ерекше жағдайларда ғана болады. Апаттардың екінші себебі (12%) — алкогольдік ішімдік ішіп көлік жүргізу, ал үшінші орында — жылдамдықты асырған жағдайлар. Германияда жол қозғалысына рұқсат етілген электрлі самокаттардың жылдамдығы 20 км/сағ-тан аспауы тиіс.
2024 жылы Германияда жалпы саны 290 701 адам жарақат алған жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде электрлі самокаттармен байланысты апаттар небәрі 4%-ды құрайды. Салыстыру үшін: велосипед қатысқан апаттар жалпы оқиғалардың 32%-ын құраған.
Қазақстанда да электросамокатпен жүру ережелерін көбіне жасөспірімдер бұзатынын жазған едік.