Германияда қантқа салық енгізу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Германиядағы дәрігерлер қауымдастықтары да үкіметті қантқа салық енгізуге бірнеше рет шақырған, деп хабарлайды DW.

Сахар
Фото: freepik

Германияның Шлезвиг-Гольштейн жерінің премьер-министрі Даниэль Гюнтер қантқа салық енгізу мәселесі саяси да, экономикалық та тұрғыдан әлдеқашан пісіп-жетілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қантты шамадан тыс тұтыну денсаулыққа елеулі зиян келтіріп, қоғам үшін үлкен шығындарға әкеледі.

Даниэль Гюнтер бұл бастаманы 2026 жылдың бірінші тоқсанында Бундесраттың қарауына ұсынуды жоспарлап отыр. Германиядағы дәрігерлер қауымдастықтары да үкіметті қантқа салық енгізуге бірнеше рет шақырған. Медицина мамандары қантпен күресті темекімен күрескендей, яғни мемлекеттік деңгейде кешенді заңнамалық шаралар арқылы жүргізу қажет деп санайды. Олардың пікірінше, бұл шараларға акциздер енгізу және балаларға бағытталған жарнамаларға тыйым салу да кіруі тиіс.

Greenpeace ұйымының жуырдағы зерттеуіне сәйкес, қантты шамадан тыс тұтыну қант диабеті, жоғары қан қысымы мен тіс жегісінің даму қаупін арттырады және Германия бюджетіне жыл сайын шамамен 12 миллиард еуро шығын келтіреді.

Сарапшылардың пікірінше, қантқа салынатын салық оның тұтынылуын азайтуға ықпал етуі мүмкін.

Бұдан бұрын ДДҰ қант диабетімен ауыратындар саны отыз жылда төрт еседен астам өскенін мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар