Германияда қоғамдық көлік жұмысшылары жаппай ереуілге шықпақ
АСТАНА. KAZINFORM – Германияның алты федералды жерінде 21 ақпан күні қоғамдық көлік жұмысшыларының наразылық шеруі өтеді.

Германия еліндегі БАҚ-тарда тараған мәліметке сүйенсек, «Verdi» кәсіподақ ұйымы қоғамдық көлік жұмысшыларын ереуілге бастады. 70-тен астам компанияның 53 мың адамы жұмысын тоқтатады деп күтілуде.
Бұл акция бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақыны көтеру талаптарын қолдауға бағытталған. Ереуіл Баден-Вюртемберг, Бремен, Гессен, Төменгі Саксония, Солтүстік Рейн-Вестфалия және Рейнланд-Пфальц жерлерін қамтиды.
Кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы тарифтік келіссөздер әлі нәтиже берген жоқ. «Verdi» өкілдері жалақыны 8 пайызға немесе айына кемінде 350 еуроға көтеруді талап етіп отыр. Ал жұмыс берушілер әлі өз жауаптарын айтқан жоқ.
- Қоғамдық көлік жұмысшыларының жағдайы өте қиын. Қызметкерлер тым аз, сондықтан жұмыс көлемі үнемі өсіп отырады, - деді «Verdi» төрағасының орынбасары Кристина Беле.
Осыған дейін Германиядағы сайлаудаы кімнің мүмкіндігі мол екені туралы сараптама жарияладық.