Германияда маса арқылы тарайтын Синдбис вирусын жұқтырған адам анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Германияда Синдбис вирусын ел аумағында жұқтырған алғашқы адам ресми түрде анықталды. Бұл туралы DW басылымы жазды.
Роберт Кох институтының мәліметінше, вирус жұқтырған адам — Баден-Вюртемберг жерінің 60 жастағы тұрғыны.
Синдбис вирусы негізінен құстар арасында таралады және адамға масаның шағуы арқылы жұғады. Ол Еуропаның, Африканың, Азияның және Аустралияның бірқатар елдерінде кездеседі. Инфекцияның адамнан адамға жұғу жағдайы тіркелмеген.
Роберт Кох институтының бағалауынша, бұл жағдай масалар мен жабайы құстардан вирус анықталған аймақтарда адамдардың да инфекция жұқтыру қаупі бар екенін көрсетеді.
Синдбис қызбасы әдетте дене қызуының көтерілуі, теріге бөртпе шығуы және буындардың қатты ауыруы сияқты белгілермен басталады. Ауру өлімге әкелетін инфекция қатарына жатпайды. Алайда буындардың ауырсынуы бірнеше аптаға, тіпті бірнеше айға созылып, адамның күнделікті тіршілігіне айтарлықтай кедергі келтіруі мүмкін.
Роберт Кох институты дәрігерлерді масалардың белсенді кезеңінде Синдбис вирусын жұқтыру ықтималдығын ескеруге шақырды. Дегенмен Der Spiegel басылымы келтірген вирусолог Йонас Шмидт-Ханазиттің пікірінше, әзірге алаңдауға негіз жоқ. Германияда мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі, ал тұрғындар үшін инфекция жұқтыру қаупі төмен.
Маманның айтуынша, арнайы қорғану шараларын қолданудың қажеті жоқ. Масадан қорғанудың әдеттегі тәсілдерін ұстану жеткілікті. Атап айтқанда, масаға қарсы репелленттер пайдалану, денені жауып тұратын киім кию және тұрғын үй маңында масалардың көбеюіне жол бермеу ұсынылады. Оның үстіне биыл масалардың белсенділік маусымы аяқталуға жақын.
Баден-Вюртемберг тұрғыны аурудың алғашқы белгілерін 12 шілдеде байқаған. Ол азиялық жолбарыс масасы таралған аймақта тұрғандықтан, дәрігерлер бастапқыда чикунгунья қызбасына күдік келтірген. Кейін зертханалық талдаулар тізімі кеңейтіліп, қыркүйек айында науқастың Синдбис вирусын жұқтырғаны расталды.
Бұған дейін Нидерландта Батыс Ніл вирусын жұқтырған 28 адам анықталған болатын.