Германияда ірі жол апатынан 26 адам зардап шекті
АСТАНА. KAZINFORM – Германияда қарсы жолаққа шығып кеткен жүк көлігі бірнеше көлікпен соқтығысты. Салдарынан 26 адам зардап шекті. Бұл туралы BILD басылымы жазды.

Куәгерлердің хабарлауынша, Нойс қаласының маңындағы автобанда зигзагтармен келе жатқан жүк көлігін полицейлер тоқтатуға тырысқанымен еш нәтиже шықпаған. Сол аралықта жүргізуші қарсы жолаққа шығып кетіп, бірніше көлікпен соқтығысқан.
Жол-көлік апатынан кейін жүк көлігі жолды толығымен жауып тастаған. Полицейлер жүргізушіні сол жерде қолға түсірді. Ол 30 жастағы Польша азаматы болып шықты.
Оның қатты масаң күйде болғаны және есірткіні қолданғаны тексеріліп жатыр.
Апат салдарынан 50 көлікке зақым келіп, 26 адамның зардап шеккені белгілі болды. Олардың 8-і ауыр жарақат алды, бір жәбірленушінің жағдайы ауыр.
Бұған дейін Францияда құс бейнесіндегі темір инсталляция құлап, 13 адам зардап шеккенін хабарлаған едік.