Германияда роботтың 16 жастағы қызға тиісуіне байланысты тергеу басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Германияның Кельн қаласында роботтың кәмелетке толмаған қызға жыныстық сипаттағы әрекет жасауына байланысты полиция тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BILD.

ф
Фото: BILD

Оқиға 11 қазанға қараған түні қала орталығындағы мейрамханалардың бірінің жанында болған.

Басылым мәліметінше, бойы шамамен 1,2 метр болатын робот құрбыларымен бірге тұрған 16 жастағы қызға арт жағынан жақындап, оның бөксесіне қол тигізген. Одан кейін жыныстық сипаттағы қимылдар жасаған.

Алдын ала ақпарат бойынша, роботтың 16 жастағы иесі мен оның 19 жастағы танысы болған жағдайды видеоға түсіріп, құрылғының әрекеттеріне түсініктеме беріп отырған. Сонымен қатар оқиғаны әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы көрсеткен деген болжам бар.

Полиция шақырылғаннан кейін құқық қорғау қызметкерлері оқиғаға қатысы бар адамдарды жақын маңнан анықтаған. Ал робот сол кезде автокөліктің жүксалғышына жасырылған екен.

Тәртіп сақшылары робот пен күдіктілерге тиесілі екі ұялы телефонды тәркілеген.

Қазір тергеушілер роботтың қалай басқарылғанын және оның әрекеттерін біреу әдейі бағыттаған-бағыттамағанын анықтап жатыр.

Оқиғаға байланысты жыныстық сипаттағы тиісу дерегі бойынша тергеу басталды.

Айта кетейік, Германияда жүргізілген сауалнамада тұрғындардың 45 пайызы жасанды интеллектінің дамуы алдағы бес жылда өмір сапасын нашарлатуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.