Германияда жанармай салығы уақытша төмендетіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Германия үкіметі бағаның өсуін тежеу мақсатында энергетикалық салықты уақытша төмендететінін жариялады, деп хабарлайды DW.
Берлинде билеуші коалиция — ХДО/ХСО және ГСДП өкілдерінің хабарлауынша, дизель мен бензинге салынатын салық екі ай мерзімге литріне шамамен 17 центке азайтылады.
ФРГ канцлері Фридрих Мерц бұл шара соңғы апталарда күрт қымбаттаудан зардап шеккен жүргізушілер мен компаниялардың жағдайын жедел жақсартатынын айтты. Еңбек министрі Бербель Бас мәліметінше, нәтижесінде тұтынушылар мен кәсіпорындар үшін жанармайға берілетін салықтық жеңілдіктердің жалпы көлемі шамамен 1,6 млрд еуроны құрайды.
Маркус Зёдер айтуынша, «Ирандағы соғысты біз жүргізбесек те, оның салдары бізге әсер етеді». Ол жанармай бағасының өсуі көптеген адамдар үшін «шыдатпас деңгейге» жеткенін атап өтті.
Бағаның күрт қымбаттауына байланысты келіссөздер демалыс күндері бойы Берлин қаласында жүргізіліп, жалпы 24 сағатқа созылған.
Бұл шаралар пакеті коалицияның ауқымды жоспарының бір бөлігі болып табылады. Сонымен қатар:
2026 жылы жұмыс берушілерге қызметкерлерге 1000 еуро көлемінде салық пен жарналардан босатылған үстемақы төлеуге рұқсат беру жоспарланған;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап төмен және орта табысы бар азаматтарды қолдауға бағытталған табыс салығы реформасы енгізіледі;
осы өзгерістерден туындайтын бюджет тапшылығын өтеу үшін биыл темекі өнімдеріне салықты арттыру көзделіп отыр.
Айта кетелік Германияда жанармай дағдарысы аясында электромобильдер сатылымы күрт өсті.