Германиядағы әрбір бесінші зейнеткер айына 1400 еуро алады

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл ретте елдегі әйелдердің зейнетақысы ерлерге қарағанда төмен, деп хабарлайды DW.

евро, валюта, деньги
Фото: freepik.com

Германияның Федералды статистика басқармасының мәліметінше, 65 жастан асқан неміс зейнеткерлерінің орташа табысы айына 1990 еуроны құрайды.

Олардың 20 пайызы айына 1400 еуродан артық табыс таппайды. Салыстырмалы түрде, Германия халқының жалпы орташа табысы – 2300 еуро. Ал ең көп табыс табатын зейнеткерлердің 20 пайызы айына 2870 еуродан артық алады.

Германиядағы егде жастағы адамдардың табысының 92 пайызы зейнетақыдан тұрады. Қалғаны – мүлік кірісі, жұмыс істеуден түскен табыс және басқа да көздер, деп жазады Der Spiegel басылымы.

Зейнеткерлікке шыққан әйелдердің табысы ерлерге қарағанда айтарлықтай төмен – әйелдер орта есеппен 1720 еуро алса, ерлер 2320 еуро алады. Басылым атап өткендей, бұл өмір бойы әйелдердің жұмысқа аз уақыт жұмсағанымен байланысты.

Германияда мемлекеттік қолдауға тәуелді зейнеткерлер саны артып келеді.

Ведомствоның мәліметінше, өткен жылы шамамен 739 мың адам қартайған шақтағы базалық әлеуметтік көмек алған. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 31%-ға көп. 

Осыдан бұрын Германияда жасы 100-ден асқан адамдардың саны артқанын жазған едік. Мәселен 2024 жылы Германияда жасы 100-ден асқан 17 900 адам тұрған. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда шамамен 25%-ға көп.

Соңғы жаңалықтар