Германиядағы бұрынғы бас дәрігер Нигер елінде патша атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Доктор Иссифи Джибей 20 жылдан астам уақыт бойы Рендсбург қаласында клиникаға басшылық еткен. Зейнетке шыққаннан кейін жұбайымен бірге Шлезвиг-Гольштейн жерінде тұрған, деп хабарлайды BILD басылымы.

Доктор Иссифи Джибей
Фото: BILD

Ол туған елі Нигерге, әсіресе билеуші мәртебесінде оралуды жоспарламаған. Бұл Батыс Африкадағы ең кедей елдердің бірі саналады.

Джибей 1970 жылы стипендия алып, Германияға келіп, медициналық білім алған. Кәсіби жетістіктерімен қатар, оның текті әулеттен шыққаны да белгілі: ол ақсүйек әулет өкіліне жатады және 2023 жылы қайтыс болған бұрынғы монархтың ықтимал мұрагерлерінің бірі саналған. Оның айтуынша, сайлауға қатысудан немесе тәжді қабылдаудан бас тартса, отбасы мұны құптамас еді.

Нигерде мемлекеттік билік ел астанасы Ниамей қаласындағы орталық үкіметтің қолында болғанымен, дәстүрлі басқару жүйесі де сақталған. 150 мыңға дейін адам тұратын Кокору өңірінде билік ауыл ақсақалдары кеңесі сайлайтын корольдің қолында.

Сайлауға 10-нан астам үміткер қатысқан. Неміс бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, кейбір қарсыластары тіпті Джибейге қоқан-лоққы көрсеткен. Соған қарамастан, ол 51 дауыстың 25-ін алып, жеңіске жеткен. Осы сәттен бастап бұрынғы неміс бас дәрігері Кокорудың әмірі атанып, бұл қызметті өмір бойы атқаратын болды.

Джибейдің айтуынша, елдегі жағдай әлі де күрделі, жиһадшыл топтардың белсенділігі айтарлықтай қауіп төндіреді. Сондықтан ол ел аумағында тек күзетпен ғана жүре алады.

Өз міндетін ол жергілікті тұрғындар мен орталық билік арасындағы дәнекер болу деп санайды. Әмір салық жинауға және сот шешімдерін шығаруға құқылы. Сонымен қатар өңірдің инфрақұрылымын дамытып, ресурстарды тиімді пайдаланып, халыққа пайда әкелуді көздеп отыр.

Джибей Германиядағы өмірінен толық бас тартпайды: ол ара-тұра Шлезвиг-Гольштейнге оралып тұруды жоспарлап отыр. Ол болмаған кезде Нигердегі міндеттерін оның ағасы атқарады.

Бұған дейін Нигер, Ресей және Қытай Иран бойынша МАГАТЭ қарарына қарсы дауыс бергені хабарланған. Құжат қаруға жақын деңгейге дейін байытылған уран қоры туралы нақты ақпарат ұсынуға шақырады. Қарарды 35 ел қолдап, тағы 12 мемлекет қалыс қалған.

Қазіргі уақытта Нигер билігі АҚШ, Ресей және Қытаймен уран сату жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Financial Times басылымының дерегінше, ел шикізатты кез келген сатып алушыға сатуға дайын. Ниамейде жалпы құны 240 млн доллар болатын шамамен мың тонна уран сақтаулы.

Соңғы жаңалықтар
Референдум